Басты бет Ақпарат «Оқырманның жүрегіне өтірік айтып кірмеу керек!» Жас ақын Яхуда Аружанмен сұхбат

«Оқырманның жүрегіне өтірік айтып кірмеу керек!» Жас ақын Яхуда Аружанмен сұхбат

Қазақ әдебиетінің аспаны жаңа бір жұлдызбен толықты. Оның есімі — Яхуда Аружан. Жас болса да ойлы өлеңдерімен оқырман жүрегіне жол тапқан автордың жақында «Махаббат — ол…» атты кітабының тұсауы кесілді. Мөп-мөлдір жырларымен поэзия теңізіне тамшы болып қосылған арумен сұхбаттасуды жөн көрдік…

  • Ең алдымен, кітабыңыздың тұсаукесерімен шын жүректен құттықтаймыз! Қалың оқырманға өзіңіз туралы айтып өтсеңіз…

Құттықтауларыңызға көптен-көп алғыс білдіремін. Сұхбат үшін шынайы түрде қуаныштымын! Мен «Сыр өңірі — жыр өңірі» саналатын Қызылорда қаласының, оның ішінде Тартоғай ауылынанмын. Дегенмен, әріпті Шымкент қаласы, Түлкібас ауданы, Жаскешу ауылында таныдым. Нағашыларымның қолында өстім. Сонда мектепте оқи жүріп өлеңді де жазуды бастадым. Ол кезде, әрине, шала-шарпы жазылған тақпақтар. Өзім сол кезде оның өлең екенінен де хабарсыз болғанмын. Кейіннен Шымқаладағы мектепке ауысқаннан соң түрлі іс-шара, мүшайраларға қатыса жүріп, ұстаздардың арқасында әдебиетті, өлеңді түсіне бастадым.

  • Әдебиетке келуіңізге түрткі болған тұлға, оқиға немесе ұстазыңыз бар ма?

Жалпы, өмірімді Қаратауға дейін, Қаратаудан кейін деп бөлетінімді үнемі айта жүремін. Мұндағы Қаратау — Шымқаладағы дәстүрлі өнер мектебі. Мектеп болса да, талабыма қарап, студент боп барып тұрған мені өздерінің тәліміне алды. Ол жерде мен шешендік өнер, поэзия, домбыра үйірмелеріне қатыстым. Шығармашылығымдағы ең жақсы өлеңдер де осы Қаратауда жүргенде жазылды деп есептеймін. Өлеңдегі ұстазым ретінде ҚР жазушылар одағының мүшесі Әлімжан Әлішерді атап өткім келеді. Ол кісі Қаратау өнер мектебінде маған поэзия сабағынан беріп, өлеңдегі мен үшін біраз жаңа дүниені үйреткен жан.

  • Хандық дәуірде поэзия саяси мазмұнда болды. Алашордашылар өлеңді азаматтық позициясын көрсету үшін қолданды, біздің заманымызда поэзия қандай функция атқарып жатыр деп ойлайсыз?

Заманға бөлер болсақ, иә, расында әр заманның өз өлеңі, өз оқырманы бар. Бір жылдары тек мұңды өлеңдер жазылып, біз өлеңді «жылау, қайғыру» екен деп түсінген едік. Десек те, әр ақын өз қаламына өзі жауапты. Сондықтан мен қазіргі замандағы бүкіл ақынның атынан сөйлегім келмейді. Өлеңдегі өз ұстанымым — оқырманның жүрегіне өтірік айтып кірмеу, барынша шынайы жазуға тырысу.

«Менің өлеңімді жаралы адам оқып өмірді қайта сүйемін деп шешсе, жүрегі тыныш адам оқып — маңайға ізгілік дәнін себуді жалғастырамын деп шешсе мен үшін жетістік.»

Бұл тек қуанышты дүние жазамын деген сөз емес. Өлеңімнің басы қалай басталса да, соңы жігерге толы боп аяқталатыны.

  • Білуімізше, кітабыңызды заманға сай етіп, өлеңдеріңізге бейнебаян түсіріпсіз. Туындыңыздың тағы қандай ерекшелігі бар?

Иә, кітабымды заманға сай етуге тырыстым. «Оқырманы жоқ кітап — жетім» дегендей, қазір адамдарға әлденені қоғамға бейімделе отырып қана ұсына аламыз.
Кітабым үш бөлімнен тұрады: толық өлең, ойлар, тармақтар. Тармақтар арнайы өзімнің толық өлеңді оқыған дауысым басылған QR мен бірге ұсынылады. Дауыс тек суреттен ғана емес, өлеңнің мағынасына қарай арнайы минивидеомен де толықтырылған. Ал, кітаптағы ойлар осыдан 3-4 жыл бұрын жүргізіп бастаған Телеграм арнамдағы шағын жазбалар. Солардың арасынан іріктеп, өңдеп, оқыған жанның көңіліне медеу бола алатынын, жұбата, ойландыра алатынын қостық.

  • Сәттілік. Талант. Еңбекқорлық. Әдебеитте атын қалдыру үшін авторға қайсы көбірек керек?

Бұл орайда авторға әуелі «Әдебиетте атыңызды қалдырғыңыз келе ме?» деген сұрақты қойған жөн шығар… Былай қарасақ, үшеуі де қажет. Өз басым талантты адамның еңбекқорлықпен дос болғанын ұнатамын. Ал, сәттілік — бақ. Бақты Құдай еңбегіне сай әр адамға беретіні рас.

  • Сұхбаттасқаныңызға көп рахмет. Шығармашылығыңызға жеміс тілейміз!
Exit mobile version