Астанада ұзындығы 500 метрлік құрақ көрпе тігіліп, Гиннес рекордтар кітабына енді.
Ту түстес қолөнер туындысын 250 шебер жасап шыққан. Олар көрпені бір түсте, бір техникамен тіккен. Бұл туралы https://informburo.kz/kaz/newskaz/qazaqtyn-quraq-korpesi-ginnes-rekordtar-kitabyna-endi сайты мәлімдеді.
«Бұл жобаны ұйымдастырудағы мақсатымыз – қазақтың құрағын әлемге паш ету, әлемге «қазақтың құрағы керек» деген ұғымды енгізу және халқымыздың ауызбіршілігін көрсету», – деді қолөнер шебері Нұргүл Абайханқызы.
Айта кетейік, «Аламан құрақ» жобасы мемлекеттік рәміздер күніне орай ұйымдастырылып отыр. Онда қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі мен мода фэшн ұлттық киімдер дефилесі де өтті. Мақсат – қазақ қолөнерінің тарихын насихаттап, ұлттық құндылықтарды келешек ұрпаққа жеткізу.
Құрақ – төрге төсейтін көрпеше. Мата қиындыларын қиюластырып, тұмарша, сегіз жапырақ, ромб және неше түрлі қазақи нақыштағы оюлардан , өрнектерден құралған көрпені Құрақ немесе Құрақ көрпе деп атайды. Ежелден қонақжай қазақ халқы төрін қонаққа арналған осы жабдықты ерекше сәндеп, “қасиетті орын” санаған. Бұл бір жағынан матаның ешбір қиығын тастамай, бәрін пайдаға жаратып, ысырап жасаудың алдын алса, екінші жағынан үйдің ішіне түрлі-түспен көрік беретін, үй иесінің шеберлігін танытатын қолөнер бұйымы саналады.