Басты бет Жаңа ой «Қазір қателіктерім үшін өзімді жек көрмеймін» Психолог Эльвира Ерғалинамен сұхбат

«Қазір қателіктерім үшін өзімді жек көрмеймін» Психолог Эльвира Ерғалинамен сұхбат

Мына қарбалас заманда біреудің хәлін білмек түгілі, өз күйін түсінбей жүрген адамдар көп. Жан-дүниесіне үңілмеген адам сыртқы соққыларға оңай сынып кетуі ғажап емес. Сонда, өзімізді түсінуді неден бастауымыз керек? Бұл сұраққа тәжірибелі психолог маман Эльвира Ерғалинаның «Көлеңке-Жарық» кітабы арқылы жауап ала аласыз. Бүгін автордың өзімен сұхбаттасудың сәті түсті.

  • Жарық бар жерде көлеңке бар. Демек, әр адамның ішінде де күнгейі мен көлеңкесі қатар жүреді. «Көлеңке-жарық» атты кітабыңыз қалың оқырманға жол тартты. Сізді, шын жүректен құттықтаймыз! «Тұңғышыңыз» туралы өз аузыңыздан естісек. Жазуға не түрткі болды?

Құттықтауыңызға көп рахмет! Ең, алдымен менің арманымды жүзеге асыруға көмек берген «Алқа» баспасына алғысымды айтқым келеді. «Тұңғышым» деп әдемі айтты ңыз… Бұл кітап тек менің ғана тұңғыш туындым емес, сондай-ақ,  қазақ тіліндегі тұңғыш терапия-кітап. Бұл кітапты жазу маған өте маңызды болды. Уақытымды да, энергиямды да, білімді де арнаған, өз ішіме көп үңілдірген еңбек десем де болады.  Ал, не түрткі болды деген сауалға келсек, бұл кітапты жазуға маған алдымен арманым әсер етсе керек. Адам болған соң басыңнан неше түрлі қиыншылықтар өтеді. Сондай ауыр кезеңдерде басымнан өткен қиындықты кітапқа түсірсем деген бала арман болғаны рас. Себебі, ондай қиындық тек менің ғана басымнан өтіп жатыр, басқалардың өмірі балдай, жан-дүниелері тыныш деген қате пікірде жүрдім.  Бірақ, бірден кітап жазып тастау мүмкін болмады. Алдымнан, түрлі кедергілер шықты. Ол кезде менің ішкі дайындығым жетпегенін,  кітаптың жарыққа шығар сәті тумағанын қазір түсініп жатырмын ғой. Әлбетте, пайым-парасатым, түсінігім де қазіргідей емес еді. Білім, тәжірибем, көрген-түйгенім аздығы да бар. Одан кейін өз-өзіммен жұмыс істеп, ішкі хәлімді реттей бастадым.  Кейін психолгия ғылымы бойынша академиялық білім алдым. Әр оқиғаның, әр мәселенің себеп-салдарын тарқатуды үйрендім. Байқағаным, маған келетін клиенттердің көбісінің проблемасы бір-біріне ұқсас, түйткілдері ортақ екен.

Екіншіден, психолог маманға, терапия алуға мүмкіндігі болмай жүрген жандарға көмектессем деген ниет болды.  Бұл — адамдар өз жан дүниесін тануға, сезімдерін түсінуге  ұмтылса екен деген мақсатта  дүниеге келген кітап. Біз бір ұлттың, бір қоғамның, бір заманның адамы болғандықтан біздің көрген оқиғалар, кезеңдер де ұқсас. Қазақ отбасылары өткен дәуірлер, сол дәуірлердегі қиындықтар да бәрімізге ортақ. Сол тарихи жағдайлар, өткерген түрлі кезеңдердің салдары өз замандастарымның өмірінен көрініс тауып жатыр. Өткеннің зардабынан арылып, қайғы-мұңнан айығып ұлтымның алға қарай қадам басып, бақытты күн кешуіне тамшыдай болсын үлес қосқым келді. Сондай ізгі мақсатым «Көлеңке-Жарық» кітабына айналды.

—   Кітап арқылы оқырманға не айтқыңыз келді?

Күнделікті өмірде біз түрлі жағдаймен бетпе-бет келеміз. Қаншама мәселелерді шешіп жатамыз. Қаншама нәрсемен күресіп жатамыз.  Соның бәрінен шаршап-шалдығып, қалжырап қалғанда айналамыздан бізді түсінетін, тыңдайтын, қолдайтын адам іздейміз. Мейірім күтеміз. «Неге менің басымнан қара бұлт кетпейді?», «Менің өмірімде неге бұл қиындық өтіп жатыр?» деп өз-өзімізге сұрақ қоямыз. Дәл солай өзіне, өміріне қатысты сан сауалға жауап таппай кеткен оқырманға тұсбағдар болатын осы кітап деп ойлаймын. Бұл еңбекпен әр оқырманға қиындықтан шығатын бір жарық бар екенін, сол жарықты өз ішімізден табуға болатынын айтқым келді.

— Бұл еңбегіңізде өз басыңыздан өткен ауыр кезеңдер де айтылады екен. Адамдар менің әлсіз тұсымды білмеуі керек деген қорқыныш болған жоқ па?

Иә, кітапта басымнан өткен ауыр кезеңдер ашық айтылады. Жай айтылып қоймай, себеп-салдары талданады. Оқып отырып, соның бәрі бір автордың басынан өткен тағдыр екеніне сену қиын. Өйткені, қилы-қилы қиындықтарды бастан кешіріппін. Соның бәрін шынайы түрде кітапқа түсірдім.

Жалпы адам өмірінің бір сәтін ғана жұлып алып көрсете салуға келмейді. Өмір, ол — тұтас, даңғыл да дара жол. Бір оқиғаны жазсам, ол екінші оқиғаға ықпал етіп тұр, онымен бөліссем тағы біреуі күтіп тұрды дегендей… Бәрі бір-біріне тізбектелген шынжыр тәрізді ғой. Ал, адамдар менің әлсіз тұсымды білмеуі керек деген қорқыныш менде де болған. Оны кітапты оқып отырған оқырман бірден түсінеді. Тіпті, бұл жай қорқыныш емес тереңге тамырын жайып алған үрейге ұласты. Қалай осы қорқынышты жеңуге тырсып, жан-дүнимемді емдеп алғаннан кейін адамдар арасында шынайы болуға мүмкіндік алдым. Қазір қателіктерім үшін өзімді жек көрмеймін. Олардың бәрі мені өсірген, шыңдаған тамаша тәжірибелер деп қана білемін.

  • 21 ғасыр адамының психологиясы не нәрсеге мұқтаж? Бізге не жетпей жатыр?

Қазір арманыңды іске асыруға, ойыңдағыны шындыққа айналдыруға мүмкіндігі мол тамаша ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Технологиялардың тым жедел дамуы біздің өміріміздегі көп жайттарды жеңілдетіп жатқанымен, кейбір мұқтаждықтардың пайда болуына да жол ашып берді. Ол қандай мұқтаждықтар? Бұл — ең бірінші адам мен адамның арасында болатын жан деңгейіндегі жақындықтың азаюы.  Бұрынғыдай біреуді зарығып күтпейміз. Сағынысып көріспейміз. Хат-хабарды айлап-жылдап тосатын дәуір келмеске кетті. Бүгінде барлығы қолжетімді. Алыстың бәрі жақындады. Бірақ жақын болған сайын алыстап барамыз…

Екінші проблема – ақпараттық қоғамдағы контенттің тым көп болуы. Біз соншама ақпаратты қабылдап алып, кейін ағзамыз оны өңдеп үлгермейтін хәлге душар болдық.  Дайын ойлар мен пікірлер миымызға да, жүрегімізге де бос орын қалдырмай, арман, мақсаттарымызды ойластыратын, ішкі даусымызды ести алатын шығармашылық күйден алыстап кеттік. Қарапайым қиялдап отыруға да уақыт жоқ. Әр нәрсеге жармасып, жұрттан көргенімізді қайталаймыз деп жүргенде шынайы қалауымыздан алыстап кеткенімізді байқамай қаламыз.  Бұл өз кезегінде, адамның эмоциялық жанып кетуіне, күш-қуатының қалмай сарқылуына, күйреуіне алып келеді.

Үшіншіден, бұрын адамдар қандай да бір эмоцияны қажет етсе өз күшімен жететін еді. Қазір әлеуметтік желідегі бір-екі бейнежазбаны көріп-ақ күліп алып отыра береміз. Тән қимылсыз. Физикалық еңбек аз. Санамыз, жанымыз, тәніміз бен жүрегіміз бірлікте емес. Жұмысты да отырып істейміз, үйден шықпай-ақ кездесулер жасай саламыз. Соның бәрі 21 ғасыр адамының әлеуметтік рөлін төмендетіп, күйзеліске тез түсіп кетуіне себепші болып отыр.

—        Өзіңіз жақында қандай кітап оқыдыңыз? Сүйікті жазушыңыз кім?

Психология  адамның жанымен жұмыс істейтін ілім болғандықтан, психолог маманға білім ешқашан аздық етпейді. Сондықтан, мен көбіне өз салама қатысты ғылыми кітаптар оқимын. Қазір Роберт Гриннің  «Биліктің 48 заңы» деген еңбегін оқып жатырмын. Бұл кітапты адамды басқарып, билеп-төстеудің қыр-сырлары туралы айтады. Маркетинг адам миына жан жақтан шабуыл жасап жатқан біздің заманымызда, адамды қалай басқару туралы ақпаратты біле жүргеніміз дұрыс деп ойлаймын.

Ал, сүйікті қаламгеріме келер болсақ, барлық жазушылардың еңбегін құрметтеймін. Ешқайсын бөліп жара алмаймын. Сонымен қатар, олардың шығармашылық идеясына, энергиясына тәнті боламын. Бірақ, кітап оқыған сайын оны оқырман ретінде емес маман ретінде талдап кете беретін бір әдетім бар. Кейіпкерлердің әркетін, оны жазып отырған автордың сезімін саралап, сараптап, зерттеп кетемін. Сондықтан, бір жазушыны «ең сүйікті» деп атай алмай отырмын.

  • «Көлеңке» атты ютуб жобаңыз жалғасын таба ма?

Мен өзі үнемі шығармашылық процесте жүретін адаммын. Идеяларымды жүзеге асырғаннан ләззат аламын. Сондай сәтті іске асқан идеяларымның бірі – «Көлеңке» жобасы. Бұл жобаның басты қиындықтарының бірі – адамдардың өз еркімен келіп, проблемасын бөлісуге батпай, камера алдында тосылып қалуы. Маман ретінде мен адамдардың бұл сезімдерін жақсы түсінемін. Ішкі әлеміңнің сырларын жұртқа жайып салу оңай емес. Соған қарамастан, батылдық танытып, өз өміріндегі түйінді шешуге келген, түсірілімге қатысқан барша жанға алғысым шексіз. Алдағы уақытта, бұл жобаға қатысушы адамдардың бетперде киіп, камераға бейнесі түспейтіндей, дауысын ешкім танымайтындай, қауіпсіздігі ескерілетіндей форматта жасағымыз келеді. Өйткені, әлі де ашылып айтылмаған тақырыптарды қозғап, көпшілікке көрінуге ұялатын адамдардың да жан жараларын емдегіміз келеді. Қоғамдағы көптеген ушығып тұрған мәселелерге қарап, «кейіпкердің жүзі көрінуі маңызды емес, оның проблемасын шешу маңызды» деген ойға келдім.

КӨЛЕҢКЕ—ЖАРЫҚ / Деректі фильм / Эльвира Ерғалина / кітап
Фильмді көру үшін суретті шертіңіз

Жалпы, «Көлеңке» бағдарламасы мені маман ретінде өсірді, көрерменді өз-өзімен тілдесуге баулыды. Осы жобада жасаған талдауларым «Көлеңке-жарық» кітабымның мазмұнын байыта түсті. Тіпті, кітаптың атауының өзі осы бағдарламаны жасағаннан соң пайда болды. Қазіргі таңда, кітап шыққаннан кейін, сәл босаңсып, өзіме демалыс жариялаған жайым бар. Әйтсе де, көрерменнің сұрауы бойынша бұл жобаны қайта жаңғырту  да жоспарымда жоқ емес.   

  • Сұхбаттасқаныңызға рахмет! Еңбегіңіз жана берсін!

Сұхбаттасқан: Айым Алтайқызы

Exit mobile version