Ат қою — қазақ үшін ең жауапты, маңызды да мәнді дәстүр. Әр ата-ана баласының жақсы есімге ие болып, соған лайықты өмір сүргенін қалайды. Сондықтан, балаға көп жасаған, білімді, батыр тұлғалардың есімін беруге тырысады. Есім қоярда ниеттеніп, баланың болашағы жарқын болсын деп сыйлы адамдардың батасын алып, азан шақырады.
Азан шақыру деген не?
Жаңа туған сәби болашақта сыйлы, құрметті, үлкен адам болсын деген үмітпен ата-анасы жасы үлкен, адамға ат қоюға қолқа салады. Ауылдың беделді азаматы сәбиді қолына алып, азан шақырып, ағайын-туыспен бірге таңдалған есімді сәбидің құлағына үш рет қайталайды. Ертеде бұл рәсімді молдалар орындап құран оқып, кітапқа қарап қойған екен. Қазіргі күні балаға есімді көбіне ата-әжелер таңдап береді.
Естіген құлаққа ерсі есімдер де бар
Әр отбасыда түрлі тағдыр бар. Кейбір ата-ана ұзақ уақыт сәби сүйе алмай, баласының атын: «Аңсаған», «Құдайберген» деп қойып жатады. Ал кейде бір үйден көп бала шетіней берген соң көз тимесін деп, перзентіне ерсі аттар да қойған. Мысалы, Сасық, Қисық, Шоқпыт, Жаман, Қойшығұл, Жәутік, Итбай және т.б.
Адамның есімі оның тағдырына әсер ете ме?
Бұл пікір туралы түрлі толғам бар. Ғалымдардың бір тобы есімнің тағдырға тікелей әсері бар десе, біреулері ол тек қосымша рөл ойнайтын нәрсе, барлығы адамның өз сана-сезіміне байланысты деп түсіндіреді. Украиналық психоаналитик, клиникалық психология маманы Наталья Трутенко сәбиге қойылған есімнен бұрын, ата-анасының тәрбиесі көбірек әсер ететінін айтады. Дегенмен, жақсы адамның есімін алып, «атына заты сай» болып өссін деген ниеттің өзі баланың дұрыс азамат болып өсуіне ықпал ететінін жоққа шығармаймыз. Тіпті, аттас адамдардың мінез-құлқында, өмір жолында ұқсастықтар болатынына дәлел көп. Адам есімдерінің мағынасын зерттейтін ғылымды «антропонимика» деп атаймыз.
Есім қалай таңдалады?
Табиғатпен байланысты есімдер: Жұлдыз, Шолпан, Арыстан, Бүркіт, Жасын, Толғанай.
Баланың сырт келбетіне, көркіне байланысты есімдер: Қаракөз, Сұлушаш, Ақбала, Шымыр
Отбасының бірінші баласына: Тұңғышбай Әуелбек.
Ең кіші балаға: Кенжебай, Кенжегүл, Кенжетай.
Ұлы тұлғалардың жолын берсін деп ырымдап қойылатын аттар: Абылай, Керей, Жәнібек, Абай.
Діни тұрғыда қойылатын немесе пайғамбарлардың есімдері: Мұхаммед, Әли, Фатима, Хадиша, Жүсіп, Мұса.
Бір үйдің балаларының аттарын ұқсастырып қою: Ханкелді, Ескелді, Нұркелді.
Баланың өмірге келу мезгіліне немесе туылған жеріне байланысты есімдер: Жолда туылса — Жолдыбай, Наурызда туылса — Наурызбай, таңда туылса — Таңшолпан.
Бағалы заттардың атауын балаға есім ертінде беру: Алтын, Гауһар, Маржан, Күміс.
Басқа тілден енген есімдер: Аэлита, Диана, Малика, Бернард, Тамирлан.
Сонымен қатар қазақта қыз баланың есімі көбіне «Ай», «Ақ» деген сөздермен басталса, ұлдардың есімінің соңы «бай», «бек», «хан» деп аяқаталады. Мысалы: Ақдидар, Айкүміс, Батырбек, Қасымхан және т.б.
Қазақтың ұлы тұлғаларының шын есімі
Абай Құнанбайұлы – ақын, ойшыл, ғұлама. Дана Абайдың шын есімі — ИБРАҺИМ. Ибраһим пайғамбардың аты екені баршаға белгілі.
Мәшһүр Жүсіп Көпеев – негізгі есімі АДАМ ЖҮСІП. Тоғыз жасында қисса дастандарды жатқа айтқандығынан атың Мәшһүр болсын деп Мұса Шорманұлы атаған.
Ыбырай Алтынсарин – қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнографы. Ыбырайдың азан шақырып қойған есімі — Ибраһим болған.
Сәкен Сейфуллин — қазақ совет әдебиетінің негізін салушылардың бірі, ақын, қоғам, мемлекет қайраткері. Сәкеннің азан шақырып қойған есімі – СӘДУАҚАС. Сондай-ақ, жазушының шығармалары «Манап», «Дүйсенбі», «Жұмақан» деген лақап аттармен жарық көрген.
Қазақ қаламгерлерінің арасында бүркеншік есімді көп қолданғандардың бірі – Бейімбет Майлин. Оның шын есімі – Бимұхаммед.
Мұхтар Әуезов – өз шығармаларының астына «Қоңыр», «Арғын», «Жаяусал», «Айғақ» деп қол қойған екен.
Шоқан Уәлиханов — ағартушылық мәдениеттің тұңғыш өкілдерінің бірі, шығыстанушы, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ. Шоқанның азан шақырып қойған аты – Мұхаммедқанафия. Әжесі Айғаным Шоқаным деп еркелеткен. Сөйтіп аты Шоқан аталып кеткен.
Адамның аты туралы қызық деректер
1. АҚШ-тың адам есімдері жөніндегі танымал сарапшысы Лора Уоттенберг әлемдегі ең кең таралған есімді анықтады. Ол — София.
2. Калифорния университетінің Ирвиндегі зерттеуіне сәйкес, адамдар бейсаналы түрді аты оңай айтылатын кісілерге көбірек сенеді.
3. Ерекше, ешкімге ұқсамайтын аты бар адамдар өмірде де жаңалық ашуға, тың нәрсе бастауға құмар болады екен. Шындығында, балалық шақта қатарластары аты өзгеше балаларға таң қалып қарайда да, адам өскенде өзінің басқалардан ерекше екенін дәлелдеп шығатын көрінеді.
4. 2022 жылы Қазақстанда 39 сәбиге Қасым-Жомарт деген ат қойылған.
5. Жер бетінде 100 миллионнан астам адам Анна деген есімге ие болып жүр.
6. Тарихтағы ең ұзақ есім ер адамға тиесілі. Ол былай жазылады: Хьюберт Блейн Вольфешлегельштейнхаузенбергердорф
Айым Алтайқызы