Басты бет Негізгі Нәзипа Құлжанованың “Ана мен Бала тәрбиесі” атты мақаласы

Нәзипа Құлжанованың “Ана мен Бала тәрбиесі” атты мақаласы

Қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш журналист қыз Нәзипа Құлжанова (1888-1934) өз заманының күрделі мәселелерін баспасөз бетінде көп көтерген. Біз қаламгердің кезек күтірмейтін “Ана мен бала” тақырыбындағы мақаласын назарларыңызға ұсынамыз. Мақалада талданған тұщымды ойлар бұл күндері де маңыздылығын жоймаған. 

АНА МЕН БАЛА ТӘРБИЕСІ

Көшпелілік қазақ баласын өнер-білімнен кенде қылды. Өнер-білім кемдігінің тұрмыста ақсатпайтын жері жоқ. Қазақтың қай шаруасын алсақ та, бәрі көңілдегідей емес. Соның ішінде, әсіресе, бас көтертпейтін ауырлық – әйел тіршілігінде.

Әйелдің ежелден еншісіне тиген кең дәулет – бала көтеру, бала өсіру. Осы міндетін орындау жолында біздің әйел толық қараңғыны қармалауда.

Әйел – ел анасы: ел бастайтын ерлер, данышпандар әйелден туған, әйел тәрбиесімен өседі. Бірақ біздің әйеліміз елді өсіретін, көркейтетін ана бола алмай келеді.

Неге?

Біздің әйелдеріміз шетінен дертті, бәрінің «баладан қалған желі бар». Әйелдің баладан өлуі тіпті көп. Біздің әйелдің бала көтермейтіні және көп. Екі қатын-үш қатын алғандардың бәйбішесіне қоятын «кінәсы» баласыздық. Біздің әйелдің асыраған баласына келсек, баланың ауруы тіпті есепсіз. «Ит тиді», «Тіл тиді», «Мешел», «Қотыр», «Құныс», тағы-тағылары толып жатыр…

Баланың өлімін есепке алғанда төбе шашың тік тұрады. Бір жылда туған баланың жүзінен елуі (жартысы) өледі. Демек, өтірік болмаса керек, «Баламыз тұрмайды» деп көрінген әйел зарлайды. Әйел тіршілігіндегі мұндай суық суреттердің, ең үлкен себебі өнерсіздік, оқымағандық дедік.

Бала өлімін есепке алып, көп өлудің себебін іздегенде – дәрігерлердің тапқаны осы. Оқу-өнері жоғары елдерде, мәселен Норвегияда, туған жүз баланың 7-уі өледі. Оқу-өнері нашар біз сияқты елде 100 баланың 50–60-ы өледі екен. Бұл біздің туған балаларымыздың жартысы өліп отырған болып шыққаны. Екінші – оқыған әйелдерден оқымаған әйелдердің балалары анағұрлым көп өледі дейді.

Мұның шешуі мынау: оқыған әйел, балгер, әулие, молдаға сенбейді. Надан елдің ырымына сенбейді, ғылымға сенеді.

Бала көтерген кезінде, бала өсірген кезінде көңілінде бір күмәні болса, ғылымға сүйенген дәрігерге, акушеркаға қаратады.

Ең болмаса өзі ғылым кітаптарын оқиды. Ақылды содан іздейді. Кітап әйелдің жүкті кезінде, босанған әйелдің бала өсірген кезінде ненің пайда, ненің залал екенін соқырға таяқ ұстатқандай қылып айтып береді. Сөйтіп, оқыған әйел жайшылықта көзге көрінбейтін көп кемшіліктен сақтанатын болады.

Бала тумаудың екінші бір маңызды себебі – ананың жастығы. Бізде 13–14 жастағы әйел бала қатын болып, бала көтереді: бұғанасы бекіп, қабырғасы қатпаған, аналыққа денесі де өсіп, толмаған «баладан» туған бала не адам бола алсын?! Өзі де дертті болады. Баласы да тұрмайды.

Оқымыстылардың айтуы: 18-ге келмей – қыз, 18-ге келмей жігіттің үйленуі көбінде нәсілсіздікке, тұқымының азуына себеп. Кеңес өкіметі де осылай деп заң шығарып отыр.

Ер мен әйелдің тең болмауы да тұқым азуына үлкен себеп болады.

Үшінші себеп – біздің еркектер әйелдің аналық қасиетін құрметтей алмайды. Жүкті әйел жатып қалғанша, үй шаруасының бәрін бір өзі басқарады. Оған бір кеңшілік жоқ. Ең арғысы ұрып, соғудан да кұтылмайды.

Ел еркегі буаз малды жүкті әйелінен артық қадірлейді. Әйткенмен, жаланың бәрін көшпелілікке аударып, жылай бермей, осы сияқты нашар әдеттерден сақтандырып, өз шамамызша аналықтың түзу жолын көрсету ниетімен, ел әйеліне арнап осы кітапты жазып отырмыз.

Әйелдің дене құрылысы қандай болады, бала қалай бітеді, қалай туады, әйел босанған кезде қалай күтінуі керек? Жаңа туған баланы қалай тәрбиелеу дұрыс, баланың тамақтандыру тәртібі қалай болу керек? Кітапшада жазылған сөздер осы.

Емшек баласы мен әйел аурулары бөлек кітапша болғаны лайық болар деп, бұл кітапшаға осындай бөлім кіргіздік.

Жазушы дәрігер емес, бұл кітапшаны жазғанда қолданғаны – орыс тіліндегі оқымысты дәрігерлердің кітаптары және, өзі қазақ әйелі болғандықтан, елде көрген, өз басынан кешкен тіршілік тәжірибелері.

Біздің әйелден де жаңа болып келе жатқан жас дәрігерлеріміз осы күні жоқ емес. Солар толық ғылым тіліне сүйеп, әлі талай кітаптар жазар.

Біздікі – көзге түрткендей кемшіліктерді көрсетпей, шыдап жата алмағандық.

Елде оқыған әйел жоқтың қасы. Біздің үмітіміз – баланың қызығына ортақтас ерлердің оқып, үй іші болып ақылдасып отырып, пайдаланар дедік.

Екінші – ел тәрбиесінде жүрген түрлі қызметтегі азаматтар, әсіресе мұғалімдер, сауат ашқыш мектептерінде, оқу үйлерінде, әйел жиылған жерлерде толықтырып, түсіндіріп оқыр дедік. Және, тағы, жастар ұйымының мүшелері елге шыққан әйел қызметкерлері бар, реті келген жерде қалың ел әйеліне оқып, түсіндіріп жеткізе беруді өздеріне міндет көрер дедік.

Ел әйелі өзі оқығанда да түсінуіне жеңіл болуын көздедік.

Нәзипа Құлжанова 1927

Exit mobile version