Махаббат — мәңгілік тақырып. Демек, ол жайлы жазылған жырлар да өміршең. Олай болса, қазақтың классик ақындарының махаббат жайлы жазған үздік туындыларының топтамасын ұсынамыз.
Мұқағали Мақатаев
***
Алдынан терезеңнің жүріп өттім,
Сен мені байқадың ба, құдіреттім?
Тұрдың ба терезеңнің ар жағында?
Теңселіп, тұтқан пердең діріл етті.
Неге өртенді?
Жүрегім неге өртенді?!
Нелер келіп, басыма нелер төнді...
Балконыңнан қол бұлғап, қарсы алушы ең,
Неге менен жасырдың көлеңкеңді?
Қайран көктем,
Қайран гүл, қайран жазым!
Сарқылған ба, шынымен сайран-назың?
Айныдың ба, шайлығып шалқарыңнан?
Айдынымда қанатын жайған қазым.
Көзің қайда көшеден мені іздеген?
Сөзің қайда жанымыз егіз деген?
...Терезеңнің алдына келіп тұрмын,
Көгершіндей,
Қысты күн...
жем іздеген...
Қадір Мырза Әлі
***
Мың жұлдызы болса да, байқамайсың басқаны,
Бір жұлдыздан тұрады, махаббаттың аспаны.
Сол бір жұлдыз жанады, сол аспанды жарық қып,
Жарықта да түк көрмес ғашық болған жарықтық!
Сол жұлдызсыз белгілі, оның естен танары,
Маңдайда емес, жүректе – Ғашықтардың жанары.
Сол жүрекпен қараймын, сол жұлдызға сүзіліп,
Шаңыраққа ілінді ол, көк аспаннан үзіліп.
Мың жұлдызы болса да, байқамайсың басқаны,
Бір жұлдыздан тұрады шаңырақтың аспаны!
Мұхтар Шаханов
***
Жол бұралаң, сезім тура, oй тура,
Жол түскен соң болмас кейін қайтуға.
Сүйген адам сезімі үшін бақытты,
Болмайды оны бақытсыз деп айтуға.
Бұл жайлы көп мұңдаудың не орны бар,
Жандар да бар пәк сезімді қор қылар.
Махаббатты үйлену деп ойлайды
Құдіреттің құнын білмес сорлылар.
Аз ба өмірде жылап жүріп күлгендер,
Құр күлкінің қасіретін білгендер.
Ойлашы өзің, аз ба мынау әлемде
Сүймей, сенбей тағдыр қосып жүргендер.
Өмір солай, күйзеліс көп, жұлқыс көп,
Болсын, мейлі, дінің түзу, тұрмыс тоқ,
Сүймей, сенбей тағдыр қоссаң біреумен,
Махаббатта бұдан асқан қылмыс жоқ.
Төлеген Айбергенов
***
Тағатсыз күткен ыстық үн,
Жаралы хал ғой – ғашық хал.
Күйсандық көрсең, бір тілін
Мені ойлап бар да, басып қал.
Тек қана көзге жас алма,
Ойлай бер мені күніге.
Махаббаттардың қашанда
Ойламау жеткен түбіне.
Жаныма қап ең жақын боп,
Жүректе бүгін сыздау көп.
Мен болсам кеттім ақын боп,
Азырақ бақытсыздау боп…
Жолығар болсам қайта мен
Сағыныш толы сол шақпен.
Бәрін де саған айтар ем
Жалғыз-ақ тамшы моншақпен.
Фариза Оңғарсынова
***
Өмірің таңдай болса арайлаған,
қатыгез қараулыққа жолай ма адам?
Біреуді жақсы көрген қандай жақсы –
нұрланып кетеді екен бар айналаң!
Жақсы көру, жақсы көру,
не деген керемет ең!
Өмірді сезінуге,
қуанып қөз ілуге
адамға жақсы көру керек екен.
Дидарың аумайды екен жарық күннен,
ғашық боп қалғанымды жаңа ұқтым мен.
Келбетің көз алдымда, ойымда сен,
өзіңді жақсы көріп қалыппын мен.
Ешкімге содан бері алаңдамай,
жүрегім жанарыңа қамалғаны-ай!
Ғажайып күй кештірген сезім -сәуле
өзімді жетелейді саған қарай.
Күләш Ахметова
Жетпейтиндей бір нәрсе көркем ойға,
Ақындардың теңеуі келте, майда.
Беатриче бар, бірақ оның сұлу
образын жасайтын Данте қайда?
Арулар бар, аз емес күшті ұлдар да,
Көзден ұшқан бағынған ұшқындарға.
Сұлу әйел сүрінген тасты сүйіп
Өлмес өлең туғызған Пушкин бар ма?
Орын берді ойынан Жахан оған
Адам бар ма есімін атамаған.
Балқадиша кеткенде өлең жазған
Бар ма бүгін баяғы Ақан ағам?!
Сол жігіттер жоқ бүгін сүйе алатын,
Сүйгені үшін өмірін қия алатын.
Қорланамын көргенде кей жігіттің
Қорландарға жасаған қиянатын!
Дайындаған: Айым Алтайқызы