Басты бет Негізгі Қазақтан шыққан тұңғыш әйел жазушы

Қазақтан шыққан тұңғыш әйел жазушы

Қадір Мырза Әлінің “Ақын ана” деген өлеңі бар.

“Сыр арнасын басқанменен қой тастар,

Сәйгүлік боп көңіл шіркін ойқастар.

Күні бойы қазан-ошақ босатпай,

Түні бойы ұйықтатпайды ұйқастар” — деп жырлайды ақын. 

Бұл өлең жолдарында әйел заты отбасы мен ұрпағын өнерінен биік қойып, талантын тұншықтыруға мәжбүр болғаны айтылған. Әрине, бұл тек ақын қыздарға қатысты емес. Қазақ қыздарының еншісіне кеш тиген өнердің бірі — жазушылық.

Қазақ қоғамында қыздарды  оқуға беру  өткен ғасырдың басында ғана басталғанын ескерсек, жазушы қыздардың саусақпен санарлық болуы заңды. Бірақ, сол сөз өнерін биікке көтерген  санаулы қаракөздердің өзі дұрыс насихатталмай келеді.

Қазақ мектептеріне арнап оқулық жазған ғалым, «Қазақ», «Айқап», «Бірлік туы», «Жаңа мектеп» секілді басылымдарда жұмыс істеген  Назипа Құлжанова, «Әйел теңдігі», «Абай», «Жас азамат» басылымдарына мақала жазған Аққағаз Досжановадан басқа кімді білеміз?

Кез келгеннің уысына оңай түсе қоймайтын прозаға алғаш болып қалам тербеген — Сара Мыңжасарова деген жазушы қызымыз болған. Ол 1924 жылы 29 қазанда Ақтөбе облысыШалқар ауданы, Қара Шоқат деген жерде туған. Ақтөбедегі мұғалімдер институтында оқыған. 1952 жылы республикалық екі жылдық партия мектебінің аудармашылар бөлімін бітірген.

С.Мыңжасарованың про­за­лық шығармалары: суреттеме­лері, очерктері, әңгімелері, проб­лемалық мақалалары 1953 жылдан бас­тап  Талдықорған облыстық «Ста­линшіл», «Семиреченская прав­да» газеттерінде жариялана бастады.

1959 жылы Вьетнам көр­кем әдебиетінің алғашқы про­­залық шығармасы, Нгумен Ван­ның «Буйвол» повесі Сара Рахманқызының аударуымен сол кездегі жалғыз кітап шы­ға­ратын «Қазмембаспасынан» жарық кө­реді. 1959-1970 жылдар арасында аудармаға ерекше ден қояды.

Ал қазақ қызы жазған алғашқы роман — “Қыр қыздары” деп аталады. Бұған дейін журналистік қызметпен және аударма ісімен ғана айналысып жүрген Сара қыз өзінің тырнақалды туындысын жариялауға жүрексінеді. Алайда, Ахмет Жұбановтың берген бағасынан кейін әдебиетке қорықпай қадам басуға жігерлене түседі.

«Сара, қарағым, мен өмірімде түнгі сағат төртке дейін ешкімнің шы­ғармасын оқыған емеспін, ал сенің қолжазбаңды оқып шықтым. Қолыңнан жазу келмейді десе, еш адамға сенбе, жаза бер” — деп, А.Жұбанов алғашқы оқырманы, жерлесі, жанашыр ағасы ретінде батасын берген екен.

Осылайша, “Қыр қыздары” романы 1970 жы­лы «Жазушы» баспасы­нан жа­рық көреді. Одан бөлек, “Әйел бақыты” және “Төзім шеңбері” деген көлемді шығармалары тағы бар. Белгілі сыншылар Зей­нолла Серікқалиев, Рымғали Нұр­­ғалиев және басқалар  кезін­де Сара Мыңжасарованың  әдебиеттегі қолтаңбасын жоғары бағалаған.

Өзі отыз жеті жасында жесір қалып, ердің де, елдің де жүгін арқалаумен ғұмырын еңбекке арнады. Оның аударма, публицистика саласына қосқан үлесін былай қойғанда, повесттерінің өзі бүгінгі күнде де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қазақ қыздарының арасынан тұңғыш роман жазған қарлығашымыздың есімін кейінгі буын біліп жүргені дұрыс.

Айым Алтайқызы

Exit mobile version