Подкаст тыңдағанды жақсы көресіз бе? Өз подкастыңызды жасау туралы бір мәрте болсын ойланып көрдіңіз бе? Ендеше, бұл кітап сізге арналады.
Алматыда «Атың шықпаса, подкаст жаса: пайдалы подкаст жасау шеберханасы» кітабының тұсаукесері өтті. Бұл кітап тәжірибелі подкастерлер Бақытгүл Салыхова мен Әйнел Әмірхан қалың көпшілікке Alqa Publishing баспа үйімен бірлестікте шығарған подкаст саласы туралы қазақ тіліндегі алғашқы еңбегі.
Подкаст дегеніміз – аудио форматындағы жазба, қандай да бір тақырыпқа арналған радиобағдарлама іспеттес. Бүгінде әлемде түрлі тақырыпқа арналған мыңдаған подкаст бар. Біздің елімізде бұл үрдіс өз қанатын енді ғана жаюда.
«Подкаст дүние жүзінде қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі. Қазақстан да бұл көштен қалып жатқан жоқ. Әсіресе, соңғы бірнеше жыл подкастерлердің қатары артып келеді. Бірақ өзім подкаст саласына 2019 жылы келгенде ақпаратты тірнектеп жинауға тура келгені есімде. Кітаптар да тек ағылшын, орыс тілдерінде болатын. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында, әрі салаға келіп жатқан мамандарға, қызығушылық танытқан адамдарға пайдалы болсын деген ниетпен Бақытгүл екеуімізде осы кітапты жазу идеясы туындады», — дейді Әйнел Әмірхан, кітап авторларының бірі, OY-DETOX подкастының жүргізушісі.
«Жылдан жылға қазақ тілінде шығатын кітаптардың саны артып келеді. Шетел әдебиеті, шетел оқулықтарын қазақ тіліне аудару бір ізге қойылды. Бірақ бізге отандық контекстке, қандай да бір сала туралы зерттеуге негізделген жергілікті авторлардың жұмыстарына назар салу керек. Алқа баспасы әйел зерттеуші, жазушыларға басымдық беретіндіктен осы кітапқа қуана басып шығардық», — дейді Alqa баспасының бас редакторы Баян Хасанова.