Басты бет Ақпарат Жеті санына қатысты ұғымдар

Жеті санына қатысты ұғымдар

Жеті — тек қазақ халқының мәдени тұрмыстық өмірінен ғана орын алып қоймай, әлем елдері үшін де символикаға толы санға айналған. Мәселен, аптаның жеті күннен тұруы, жеті нотаның болуы және тағы да көптеген маңызды ұғымдар осы санмен тікелей байланысты. Қазақ жеті санын қасиетті деп есептеген. Жеті қат көк, жеті ғалам, жеті ғашық, жеті мүше, жеті жұт, жеті амал, жеті қазына деп ата-бабамыз қоршаған ортаны, табиғат жаратылысын, пендеге қатысты құбылыстарды жік-жікке бөліп, əрқайсысына ат беріп, ен тағып кеткен.

  1. Жеті қат көкке жататындар: Ай, Меркурий, Шолпан, Күн, Қызыл Жұлдыз (Марс), Юпитер, Сатурн.
  2. Жеті ғалам: күншығыс, күнбатыс, түстік, терістік, аспан-жоғары ғалам, Жер-орта ғалам, Жер асты -төменгі ғалам.
  3. Жеті ғашық: Лəйлі-Мəжнүн, Жүсіп-Зылиха, Фархат -Шырын, Сейпіл-Мəлік- Жамал, Тахир-Зухра, Қозы Көрпеш -Баян Сұлу, Бозжігіт-Ануаз.
  4. Жеті мүше: бас, екі қол, екі аяқ, кеуде, іш.
  5. Жеті жұт: зілзала,соғыс, өрт, сел, қуаңшылық, індет, ақ қар-көк мұз.
  6. Жеті амал: күннің тоқырауы, қарашаның қайтуы, Үркердің батуы, мұздың қатуы, киіктің матауы, тоқсанның кіруі, Айдың тоғамы.
  7. Жеті қазына: жүйрік ат, қаққыш тазы, алғыр қыран, түзу мылтық, қара қазан, алмас кездік, шаңырақ.

         Жұма күні немесе айт мейрамында халқымыз жеті шелпек нан пісіріп, көрші-көлемге тарататын дәстүр бар.

         Балаға жас күнінен жеті атасын жаттатып, арғы тегін білуге баулыған. «Жеті атасын таныған – жеті жұрттың қамын жер» деген сөз өз тегін танитын бала – халқына пана болады деген мағынаны білдіреді. «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» деп білімнің маңызын түсіндірген. «Жігітке жеті өнер де аз» деген мақал ұрпақты өнерлі болуға шақырады.

         Халқымызда біреу қуанып тұрса «жерден жеті қоян тапқандай қуанды» деп айтып жатады. Шешім қабылайтын адамға «жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген кеңес айтылады. 

         Бір қауіп-қатер қайталана бергенде бабаларымыз «жұт жеті ағайынды болады» дейтін болған.

         Біреу түн ішінде үйге келсе «жеті қараңғы түнде не қып жүрсің?» деп сұраған. «Жеті қараңғы түн» — жарықсыз, қап-қараңғы түн мезгілі дегенді білдіріп тұр. Адам жетпес, алыс жерді – «жеті қырдың астында» деп суреттеген.

         Халық арасында «Бала жеті жасқа келгенше жерден таяқ жейді» деген сөз де бар. Бұл ойын баласы жеті жасқа келмей жетілмейді дегенді білдіреді.

         Ұлтымызда жеті ішекті «Жетіген» деген аспап та бар.

         Айналамызда жеті санына қатысты заттар өте көп. Мысалы, кемпірқосақтың өзі жеті түстен тұрады. Түнде аспанға зер салып қарасаңдар жеті жұлдыздың бірігіп тұрғанын көресіңдер. Ол жұлдыздар шоғыры – жеті қарақшы деп аталады. Оның бейнесі су ішетін ожауға ұқсайды. Қазақта «Жеті қарақшыны таныған адам, Жеті қараңғы түнде адаспайды» деген мақал да бар.

         Тәуке ханның тұсында қазақтың билері «Жеті жарғы» деген заңдар жинағын жазып щығарған. Ол – Қазақ хандығының конституциясына айналды.

 

Exit mobile version