Басты бет Ақпарат Алматы облысында жедел жәрдем қызметкерлерін оқытатын орталық ашылды

Алматы облысында жедел жәрдем қызметкерлерін оқытатын орталық ашылды


Бүгін Алматы облысында жедел медициналық жәрдем қызметкерлеріне арналған заманауи симуляциялық оқу орталығының ресми ашылу салтанаты өтті.

Бұл орталық жедел жәрдем бригадаларының кәсіби дағдыларын жетілдіру және шұғыл медициналық көмек көрсету сапасын арттыру үшін құрылған. Заманауи оқу бағдарламалары мен жоғары технологиялық симуляциялық жабдықтар дәрігерлер мен фельдшерлерге нақты өмірге жақын жағдайларда тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді.

Орталықтың ашылу рәсіміне Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері, медицина саласының жетекші мамандары, жедел жәрдем қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты. Шара барысында қонақтар орталықтың жұмысымен танысып, заманауи медициналық құрал-жабдықтардың мүмкіндіктерін көріп, шұғыл медициналық көмек көрсету бойынша тәжірибелік оқу-жаттығулардың куәсі болды.

“Орталықтың негізгі мақсаты — тек медицина қызметкерлері мен дәрігерлерге ғана емес, парамедиктерді оқыту. Жарақат алған кезде немесе шұғыл көмек қажет болған жағдайда адамның өмірін құтқарып қалу”, — дейді, Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Алмат Тұрысбекұлы.

Бұл орталық өңірдегі жедел медициналық көмектің сапасын арттыруға, тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтің деңгейін жақсартуға ықпал етпек. Орталық жоғары технологиялық симуляциялық манекендер мен медициналық жабдықтармен жабдықталған. Жүрек-өкпе реанимациясы, қан тоқтату, ауыр жарақаттар мен инфаркт жағдайында алғашқы көмек көрсету бойынша оқу бағдарламалары бар.

“Бұл орталық – жедел жәрдем қызметкерлерінің кәсіби дайындығын жаңа деңгейге көтеретін маңызды бастама. Медициналық көмектің сапасын жақсарту – біздің басты міндетіміз. Симуляциялық оқыту әдістері төтенше жағдайларда медициналық мамандардың жедел әрі тиімді әрекет етуіне ықпал етеді”, – дейді, Алматы облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының директоры Есхат Жантоқов.

Симуляциялық орталық бүгіннен бастап іске қосылды. Енді жедел жәрдем қызметкерлері кестеге сай оқу-жаттығу сабақтарынан өтеді.

Exit mobile version