Қазақ әдебиеті мен мәдениетіндегі аса ірі тұлғаның бірі, қазақ халқының әйгілі айтыскер ақыны, әнші, сазгер Біржан Қожағұлұлының әндеріне негізделген жаңа қойылым Алматы қаласында, «Алатау» дәстүрлі өнер театрында 24-25 қаңтар күндері жарық көрмек.
«Теміртас» – Біржанның соңғы әні. Ақтық сөзі. Ең атақты туындысы.
Туындыны белгілі театр режиссері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Фархад Молдағали сахналайды. Бұл қойылымда Біржанның ғана емес, бүкіл қазақтың мұң-намасына айналған әндер сыр шертеді. Ақынның драмалық тағдыры, зұлымдыққа, әділетсіздікке қарсы күрескен өмірі халық санасында мәңгі өмір сүреді.
Қойылым реквием жанрында көрерменді ойға жетелеп, мұңға батырып, санасын сілкіп, қайта жігерлендіріп отыратын құмбыл-формасымен ерекше.