Басты бет Ақпарат Кредитін өтей алмайтын жағдайға тап болған адам не істеуі керек?

Кредитін өтей алмайтын жағдайға тап болған адам не істеуі керек?

Банк омбудсманы Дархан Нұрпейісов банктен несие алған адам қарызын өтей алмайтын жағдайға тап болса, бірінші кезекте не істеуі керегін айтты. 

— Өмірде әртүрлі жағдай болады. Қарыз алушы сондай қиын жағдайға тап болса, ол банк омбудсманына жүгінуге құқылы. Бірақ оған дейін ол банктің өзі немесе коллекторлық ұйымға баруы керек. Мәселесін айтып, өз ұсыныстарын беруі керек. Банк 15 күннің ішінде қарыз алушының ұсыныстарын қарап, не келісуі керек, не келіспеушілігін білдіріп, өзінің ұсыныстарын беруі керек. Содан кейін ғана азамат омбудсман қызметіне жүгіне алады. Ондай кезде біз қарыз алушының қаржылық жағдайын қарап, құжаттарын көріп, мән-жайға көз жеткізгеннен кейін бірге отырып, банкке ұсыныстарымызды жібереміз. Бұл ұсынысты банк қарап, жауабын беруі керек, — деді ол ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ маман омбудсманның араласуынан кейін де банк тарапы несие шарттарын қайта қараудан бас тартса, азаматтар не істеуі керегін айтты. 

— Банк біздің де ұсыныстарымызбен келіспесе немесе заңды түрде оны қабылдайтын құқығы болмаса, онда қарыз алушының мемлекеттік органға немесе сотқа жүгінуге құқығы бар, — деп түйді сөзін Дархан Нұрпейісов.

Әйелдерге қарағанда ерлер кредитін көп кешіктіреді

Қазақстанда банктер мен түрлі қаржылық ұйымдардан қарыз алып, уақытында қайтара алмай жүрген жеке тұлғалардың 52 пайызы – ер адамдар. Бұл ретте ер адамдар кейінгі 5 жыл ішінде дефолтқа түскен қарыздардың 59 пайыз үлесін алған. Яғни, ерлерге қарағанда әйелдер аз да болса несиені мезгілінде төлеуге тырысады.

Тиісінше, әйелдерге қарағанда ерлердің кредиттері көбірек кешірілген. Қаржылық реттеу агенттігінің мәліметінше, есептен шығару статистикасында заемдардың саны бойынша да (52%), кешірілген берешектің сомасы бойынша да (59%) еркектер басым түсіпті. Кешірілген несиелердің орта мөлшері ерлерде – 545,5 мың теңге болса, әйелдерде – 438,3 мың теңге.

Осыған қарамастан банктер сомасы 15 миллион теңгеден асатын ірі кредиттерді ерлерге көбірек береді. 2 миллионға дейінгі ұсақ қарыздарда ғана әйелдердің үлесі басым.

 

Exit mobile version