Басты бет Жаңа ой «Мазалап, қатты қышиды»: Сушиді сүйіп жейтін қазақстандықтың денесінде тері асты құрттары пайда...

«Мазалап, қатты қышиды»: Сушиді сүйіп жейтін қазақстандықтың денесінде тері асты құрттары пайда болған

Алматылық Мариям есімді әйелдің күйеуі теңіз тағамдарын, соның ішінде сушиді сүйіп жейді. Алайда 1,5 ай бұрын шикі балықтың құрамындағы паразит ағзаға еніп, ер адамның денесінде құрт секілді із қалдыра бастаған. Осыған орай Stan.kz тілшісі сушидің ересектер мен балаларға зияны туралы гастроэнтерологтан сұрап білді.

Фото: Мариямның желідегі парақшасынан

“Құртқа ұнамайтын сияқты”

Мариям бұл жағдай шамамен бір жарым-екі ай бұрын болғанын айтады. Басында ерлі-зайыпты оны жай ғана бөртпе немесе аллергия деп ойлаған.

«Бірнеше уақыттан кейін күйеуімнің денесінен құрт іздерін байқай бастадық. Кейін біз соңғы айда жиі суши жегенімізді еске алдық. Сөйтіп сушиден болуы мүмкін деп ойладық. Бірақ біз бұның сушиден екеніне 100% сенімді болмадық, себебі күйеуім құлпынай өсіретін жылыжайда жұмыс істейтін. Сол жақта маса шаққаннан немесе басқа нәрседен болуы ықтимал деп те ойладық», – деді Мариям.

Дегенмен дәрігерлер жас жұбайларға мұның шикі балық өнімдерінен екенін айтқан.

«Біз клиникаға барып, тексеруден өттік, анализдер тапсырдық. Дәрігерлер тері астындағы миаз немесе басқа бір нәрсе бар деді. Жалпы, құрт тері астында екен. Паразиттердің көп екенін және емдеу қажет екенін ескертті. Дәрігерлер де бұл сушиден болуы мүмкін екенін айтып отыр. Сол себепті сушиден деп ойлаймыз. Күйеуімнің жағдайы қазір бірқалыпты. Алайда денесіндегі жаралар мазалап, қатты қышиды. Әсіресе, цитрус, мандарин, апельсин сияқты тәтті нәрселер жесе, бүкіл денесі қыши бастайды. Сірә, бұл құртқа ұнамайтын сияқты, сондықтан осындай реакция береді», – деді алматылық әйел.

Әйел емдеу курсын әлі бастамағанын, өйткені ол қымбатқа түсетінін алға тартты. Десе де жақын арада емделуді қолға алмақ.

«Таблеткалар, биологиялық белсенді қоспалар (БАД) сатып алу, анализдерді қайта тапсыру керек. Алдыңғы талдаулар тапсырылғаннан бері біраз уақыт өтті. Сондықтан бәрін қайталап, жаңа анализдер жасап, емдеуді бастауымыз керек. Осы айдан бастап диетаны қатаң сақтау қажет екенін де ескертті», – деді Мариям.

“Балаларға суши 3-4 жасқа дейін берілмейді”

Дәрігер гастроэнтеролог Әсел Есқұжанова шикі балық пен теңіз өнімдерінде паразиттер мен бактериялар көп болғандықтан түрлі ауру шығатынын атап өтті. Оның айтуынша, суши ересектер мен балаларда асқазан мен ішек инфекцияларын, токсиндер мен аллергиялық реакциялар тудыруға себеп болады.

«Мәселен, анизакидтер – дөңгелек құрттар (нематодтар) теңіз балықтарында жиі кездеседі. Олар лосось, скумбрия, майшабақ, треска және кальмар сияқты балықтарда көп болады. Аурудың атауы – анизакидоз. Дернәсілі бар балықты жеген кезде адамға жұғады. Асқазан немесе ішек қабырғасына жабысып, қабыну тудырады. Бұдан кейін іш ауырып, жүрек айнып, аллергиялық реакциялар (қышу, бөртпе) шығады», – деді дәрігер.

Әсел Есқұжанова әсіресе, балаларға суши беру қауіпті екенін айтты. Тек пісірілген балықты немесе теңіз өнімдерін таңдап, жоғары сапалы, сенімді жерде дайындалған өнімдерді алу қажет.

«Сондай-ақ балалардың аллергиялық реакциялары мен асқазан-ішек ауруларынан сақ болу үшін барлық ингредиенттің тазалығына назар аударған дұрыс. Сушиде қолданылатын күріштің құрамында қант пен сірке қышқылының болуы – суши дәмін жақсарту үшін жиі қолданылатын қоспа. Бірақ балалар үшін осы компоненттердің мөлшерін бақылау маңызды. Өйткені олардың ас-қорыту жүйесі ересектерге қарағанда азық-түлікке сезімтал болады. Қант мөлшері әдетте суши дайындаушыға байланысты әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ оны шамамен 5-10% аралығында деп есептеуге болады”, – деді Әсел Есқұжанова.

Гастроэнтерологтың сөзінше, сірке қышқылы қосылған суши мен шикі балық асқазан немесе гастрит сияқты аурулармен ауыратын балаларға қауіпті. Балаларға суши 3-4 жасқа дейін берілмеуі керек.

«Балаларға алғаш рет суши бергенде, олардың денсаулығын бақылау маңызды. Аллергиялық реакциялардың белгілері келесідей болуы мүмкін:

  • Терінің қызаруы немесе қышуы;

  • Бөртпелер;

  • Ісіну (әсіресе бетте немесе ерінде);

  • Асқазан ауырсынуы, құсу немесе іш өту;

  • Тыныс алу қиындауы, жөтел;

  • Құрысулар немесе бас айналу.

Егер аллергиялық реакцияның белгілері байқалса, дереу дәрігермен кеңесіп, қажет медициналық көмек алу қажет. Балалар үшін пісірілген немесе қуырылған балықтан, көкөністерден немесе авокадодан жасалған суши нұсқалары жақсы балама болады. Бұл тағамдарда инфекциялар мен паразиттер болмайды және олар балалар үшін қауіпсіз», – деді маман.

 

Exit mobile version