Елімізде еттің бағасына қатысты өңірлерге зерттеу жүргізілді. 2024 жылдың үшінші тоқсанында бұл тізімде Ақмола облысы көш бастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Energyprom.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Былтыр желтоқсан айының соңында Қазақстанда ет және ет өнімдерінің бағасы 2023 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 3,4% өсті. Атап айтқанда, ет пен құс етінің бағасы 2,9%, шұжық өнімдері 5,2%, ет өнімдері 3,5% қымбаттады. Оның ішінде құс етінің өзі 6%, сиыр етінің бағасы 2,6%, шошқа еті 2,4%, жылқы мен қой етінің құны 1,2% өскен. Ал шұжық өнімдерінен, жартылай ысталған шұжықтар 6,3%, қайнатылған шұжық бағасы 4,4% өсті.
Өңірлер арасында ет өнімдері бағасының жылдық өсімі Ақмола облысында (6,5%) байқалды. Екінші орында Атырау (5,9%) және Ақтөбе (5,7%) облыстары тұр. Ал Астана қаласында (1,3%-ға), сондай-ақ Ұлытау және Абай облыстарында (әр облыста 1,9%) ет бағасы айтарлықтай өспеген.
Әлем елдерімен салыстырсақ, Қазақстан сиыр еті (сан еті) бағасының арзандығы бойынша әлемде 12-орында, тауық етінің (бел еті) арзандығы бойынша 22-орында тұр.
ТМД елдері арасында Украинада сиыр еті ең арзан – 1келі үшін 6,2 доллар. Одан кейінгі орында Ресей (1кг – 6,7 доллар). Үшінші орынға Беларусь (1 кг – 7 доллар) жайғасса, Өзбекстанда сиыр етінің 1 келісі 8,1 доллар тұрады. Бесінші орында Әзірбайжан (1 ке – 9,8 доллар), ал Армения (1кг – 11,9 доллар) көш соңында.