Мәжіліс сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасы аясында елімізде жемқорлардың жария тізілімі жасалатыны айтылған.
«Профилактикалық құрал қызметін атқаратын жемқорлардың мемлекеттік тізілімі енгізіледі. Оның негізгі мақсаты – қоғамдық мін тағумен қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру», — делінген хабарламада. Сондай-ақ хабарламада тізілімде ауыр немесе аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағаны үшін сотталғандар туралы мәліметтер болатыны айтылған. Олар оған соттың заңды күшіне енген айыптау үкімі негізінде енгізіледі.
Ал ақтау үкімінің заңды күшіне енуі және соттылығының жойылуы негізінде алынып тасталады. Тізілімді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жүргізеді және ведомствоның веб-сайтында жалпыға қолжетімді болады. Айта кетейік, Қазақстанда пара беруді талап еткен, уәде берген немесе ұсынған тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін жазған едік.