Басты бет Ақпарат Балаға қандай қосымша тамақ беруге болады?

Балаға қандай қосымша тамақ беруге болады?

Дүниеге жаңа келген жас сәбиге ең жақсы тамақ — ананың сүті. Әсіресе, омыраудың уызына қанған баланың денсаулығы жақсы болады. Дегенмен, көп аналар емізу процесінен қиналып қалатыны жасырын емес. Егер, ешқандай ауырсыну, қанау, сүт шықпау немесе омырауда сүт қатып қалу сияқты кедергілер болмаса баланы бірнеше жыл емізуден қашпағаныңыз дұрыс.

Баланы емізу жақсы екені түсінікті. Десек те, бала 5-6 айдан асқаннан кейін оған қосымша тамақ беру қажеттілігі туындайды. Ол көп қимылдай бастайды, аунайды, еңбектеуге талпынады. Ағза қосымша күш талап етеді. Сондықтан, ана сүтіне тоймай, жылай бастауы мүмкін. Ондай кезде не береміз?

Асқабақ пюресі;

Асбұршақ сорпасы;

Дәнді-дақылдардан жасалған ботқа; (күріш, гречка, сұлы жармасын өте жұмсақ болып езілгенше қайнатыңыз)

Тауық сорпасы;

Түрлі-түсті капуста, кабачки сияқты көкөністерден езбе;

Жұмсақ балық (өте ұсақ бөліктерге бөліп);

Қанаған жұмыртқа (өте ұсақ бөліктерге бөліп);

Ірімшік (творог пен банан жақсы үйлеседі)

Балаға алғашқы қосымша тамақ ретінде не беруге болады?

Ең пайдалы әрі бала жеуге ыңғайлы өнім — жеміс және көкөніс езбесі. Балаға дүкенде сатылатын дайын өнімдерді бергеннен гөрі, үйде бар жеміс-жидекті блендр немесе шанышқымен езіп берген жақсы. Себебі, құрамы күмәнді болмаған күннің өзінде, дүкендегі тамақтардың қандай жағдайда сақталғанын білмейсіз. Балаңызды өз қолыңызбен улағыңыз келмесе, дүкендегі дайын йогурт және пюре, сусынды беруден бас тартыңыз. Кейін өскен кезде өзі алып бер демесе алғашқы қосымша тамақ ретінде қаптамадағы өнімді беруші болмаңыз. Ең оңайы — қайнаған картоп, сәбіз, капуста, брокколи сияқты кез келген қолжетімді көкөністі қайнатып бір шымшым тұз қосып беру. Көкөніс езбесінен соң, алманың сусынын қасықпен қыршып берсеңіз болады. Компот қайнатып беріңіз.  Кисель немесе морс жасауға да болады.

Ескерту: Бала сіз берген тамақты бірден жұтуы немесе тауысуы шарт емес. Түкіруі тіпті қақалуы, құсып қоюы қалыпты. Жылап, бетін тыжырайтса да өз еркі. Бірақ бала уақытында тісі шығып, уақытында екі аяғын нық басып жүріп, сөйлеп кетуі осы алғашқы тамақ жеп кетуіне байланысты. Баланың тәбетін ашатын — сіз. Өзіңіз де қызықтырып, жақсы көңіл күймен тамақ беруді әдетке айналдырыңыз. Әртүрлі дәмдерді ұсынып көруден шаршамаңыз.

Есіңізде болсын:

  • Алты айдан асқан балаға майға қуырылған тағам бермеңіз.
  • Қант пен тұзды өте аз мөлшерде қосыңыз.
  • Нан, печенье сияқты өнімдер баланың қарнын тоқ қылғанымен, ішін қатырады, пайдасы да аз. Одан да қолына кесілген көкөніс тілімдерін беріңіз.
  • Қайнаған еттің сорпасын, сіңір, аз-кем жануар майын рационға ақырын қоса беріңіз. 
  • Қатты ыстық немесе тоңазытқыштан шыққан асты беріп үркітіп алмаңыз. Бөлме темперетурасындағы тамақ беріңіз.
  • Бала жасқа таяу кезде өзі қасықпен немесе қолымен тамақты аузына апара алуына мән беріңіз. Өзі ұмтылып, сүйсініп жеуі үшін таза ауада серуендетіп, ойнатып, қарны ашқан кезде барып тамақ беріңіз. 
  • Тамақ ішу кезінде мультфильм қоспаңыз. Бала тамақтың дәмін сезбейді. Сәйкесінше сілекей бөлінбейді. Ас қорыту жүйесі бұзылады. 
  • Тамақты өз аузыңызбен шайнап бермеңіз!
Exit mobile version