Мемлекет басшысының тапсырмасымен Алматыда ABAI ULTTYG MEKTEBI алғашқы ұлттық мектебінің құрылысы жүріп жатыр.
Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, жаңа білім ошағы Абай философиясына, оның ішінде «бес асыл іс» идеясына негізделеді. Оқу процесі қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқуға бағытталған. Ол үшін Алматыдағы Абай атындағы мектеп-интернаттың әлеуеті толық көлемде қолданылады.
ABAI ULTTYG MEKTEBI заманауи білім кеңістігінде бәсекеге қабілетті жастар үшін оқу-ағарту орталығына айналуы қажет. Ол Мемлекет басшысының «Адал азамат» тұжырымдамасы мен Абайдың «Толық адам» іліміне сәйкес патриоттардың жаңа буынын қалыптастыруға, мемлекеттік басқарудың қазақстандық элитасын тәрбиелеуге бағытталған. Қазір біртұтас ABAY-Programme бағдарламасы әзірленіп жатыр, онда қазақ тілін және бірнеше шет тілін тереңдетіп оқуға басымдық берілген, деді Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев.
Айта кетейік, жаңа білім ошағының құрылысы былтыр қараша айында басталған еді. Жаңа ғимарат нысаны 900 оқушы орнына арналған. Оның инфрақұрылымында мектеп-пансион, мұғалімдер үйі, кітапхана, спорт кешені, жылыжай аумақтары және тағы басқа құрылыс нысандары қарастырылған. Білім ұйымын 2026 жылы қолданысқа беру жоспарланған.
Материалды қолданған жағдайда, бастапқы 1 немесе 2-сөйлемде malim.kz сайтына гиперсілтеме беруіңізді сұраймыз. Авторлық құқықты құрметтегеніңізге алғыс айтамыз.