Басты бет Отау Қасқыр неге айға қарап ұлиды? (ертегі)

Қасқыр неге айға қарап ұлиды? (ертегі)

Ерте, ерте, ертеде қасқырлар қойдан да жуас, ешкіммен ісі жоқ, момын жануар болған деседі.

Бір күні адамдар келіп қасқырлардың жайлы қонысын тартып алады. Бұған көнген қасқырлар орманға қарай ығысады. Бірақ көп ұзамай адамдар орманның ағашын кесіп, отын қыла бастайды. Ағаш азайған сайын қасқырлар паналайтын жер таппай, қырға қарай қашады. Сөйтіп өз күндерін өзі көріп жүргенде адамдар аңдып жүріп қасқырлардан қалай аң аулау керек екенін үйреніп алады. Артынша, түз тағылары аулап жейтін жан-жануарларды қырып, бұларды аш қалдырады.

Баяғы момын қасқырлар енді шын ызалана бастайды. Екі аяқтылардың көрсеткен құқайы мұнымен таусылмады. Енді, жаңа туған қасқырдың күшіктерін ұрлап әкететінді шығарды. Сондағы ойы — ит сияқты қора-қопсыны күзетсін дейді екен.

Қасқырлар топтасып жүріп, бір-бірін қорғап, адамдардың қолына оңай түсе қоймапты. Адамдар қасқырды қолға үйрету қиын болған соң, түлкілерді қыра бастапты. Түлкінің құйрығынан неше түрлі тымақ, тон тігуді шығарыпты. Тұқымы құрып бара жатқан соң түлкі қасқырлардың күшін пайдаланбақ болады. Сөйтіп бір айла табады:

  • Әй, қасқырлар! Осындай жуас болып, жұртқа жем болып жүре бересіңдер ме?! Адамдар қаладан қуса далаға, орманнан қуса қырға қашып… Сендердің арғы бабаларың көк бөрі туралы естіп пе едіңдер? Ол қазір ай бетінен сендерге қарап тұр. 

Барлық қасқыр аспандағы айға қарайды. Ай бетінде бедерленген сурет расында алып қасқырға ұқсайтын еді.

  • Міне, бұл сендердің бабаларың. Ол алып күштің иесі. Адамдар оған да қорлық көрсетіп айға қуып жіберген. Түнде бәрің жиналып ұлысаңдар сендерге күш беретіні анық. Айға қарап одан көмек сұраңдар. Сөйтіп, адамдардан кек алыңдар!!!

Түлкінің сөзіне иланған қасқырлар сол күннен бастап түнімен айға қарап ұлитынды шығарыпты. Айдан күш алдық деп ойлаған қасекеңдер айбарланып, адам атаулыға тісін қайрай бастапты. Аш қалғандары ауыл-аймақтағы төрт-түлікке шабуыл жасапты. Ал тентектері адамдарды қорқытып-үркітумен шұғылданыпты.

Осылайша, қасқырлар қандыауыз қаскөй атанды. Аңшылыққа шыққан жанды да,  өрісте жүрген малшыны да қан қақсатып кететін болды. Ал түлкі болса қасқырлардың айбатының арқасында, қанша ғасыр азаймай күн көріп келе жатыр екен. Қасқыр атаулының айға қарап ұлитын себебі — осы.

Ертегі авторы: Айым Алтайқызы

 

Exit mobile version