Басты бет Жаңа ой «Еңбегім далада қалмаса екен деймін» Су тасқыны кезінде ерлік көрсеткен иттің мүсінін...

«Еңбегім далада қалмаса екен деймін» Су тасқыны кезінде ерлік көрсеткен иттің мүсінін жасаған шебердің өкініші мен өтініші

Атыраулық шебер су тасқыны кезінде бөгет тұрғызуға көмектескен Пшөн есімді иттің темірден жасалған мүсіні керексіз болып қалғанын айтты, деп хабарлайды Orda.kz.

Бұл туралы ақпарат инстаграм желісіндегі abdulla_kz_kz парақшасында тарады. Су тасқыны кезінде көпшілікке көмектескен итті атып тастаған еді. Сол оқиғадан кейін Азамат Кенжеғалиев есімді темірден мүсін жасайтын шебер Пшөннің мүсінін жасауға кірісті.

«Пшөннің атылуы көптің жанын жаралады. Мен де оның есімі ел есінде қалғанын қаладым. Солайша, өзімде тұрған жүрекше темірлерді пайдаланып, иттің мүсінін жасауға кірістім», — деп жауап берді Азамат Кенжеғалиев. 

Шебер Пшөннің естелік мүсінін бір ай ішінде жасап шыққан. Басында Азамат мырзаның ниетіне қолдау білдіргендер көп болған. Қазір дайын болған туындыға ешкім қызығушылық танытып отырған жоқ екен.

«Әкімдіктегі таныс-білістеріме мүсіннің дайын болғанын айтқан едім. Көбі «итке арнап ескерткіш қою ерсі» деді. Мен оларға ескерткіш қылып қой деп жатқан жоқпын. Соны түсінсеңіздер. Ескерткіш — тарихи шынайы оқиғаға, тұлғаға арналатын, ресми ұғымды білдіретін мәнге ие дүние. Ал Пшөннің мүсіні жай естелік мақсатында жасалған шығармашылық туынды. Оны ескерткішпен шатастырмаңыздар», — дейді шебер. 

Азамат Кенжеғалиев Пшөннің мүсіні қаладағы жарығы бар, ел-жұрт назарына ілігетін жерге қойылғанын қалайды.

«Көрген адам батыстықтардың жанын жаралаған, былтыр болған су тасқынын еске алып отырса жетеді. Ақшаның да, құрметтің де керегі жоқ. Тек еңбегім далада қалмаса екен деймін», — деді шебер.

Exit mobile version