Басты бет Ақпарат Биыл Ұлттық қордан балалар шотына қанша қаражат түседі?

Биыл Ұлттық қордан балалар шотына қанша қаражат түседі?

«Ұлттық қор-балаларға» жобасы бойынша әр балаға түсетін қаражат мөлшері 1 ақпанға дейін белгілі болады. Ал 1 ақпаннан бастап қаражат алушыларға жинақтау шоттары ашылады. Қаржы теңдей бөлінеді. Яғни, біріне артық, біріне кем бөлінбейді.

18 жасқа толмаған, яғни 2006 жылы және одан кейін туған Қазақстан азаматы саналатын әрбір бала «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына қатысады. Ақшаны 18 жасқа толғаннан кейін ғана ала алады.
Шетелге көшіп, Қазақстан азаматтығынан бас тартқан балаға Ұлттық қордан ақша төленбейді. Шетелде өмір сүргенімен Қазақстан азаматтығын өзгертпесе, оның шотына кәмелет жасқа толғанға дейін қаражат аударыла береді.

Балалардың тізімі, есепшоты, жалпы жүйе толықтай автоматтандырылған. Айта кетейік, баланың 18 жасқа толғанға дейінгі жинақталған қаражаты Ұлттық қорда АҚШ долларымен сақталады. Ал жыл сайын әр балаға қанша қаражат бөлінеті Ұлттық қордың инвестициялық табысына байланысты болады. Демек, табыс жоғары болса, сәйкесінше, түсетін қаражат мөлшері де көп болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, жыл сайын қордың инвестициялық табысының 50 пайызы балаларға теңдей етіп бөлінеді.

Exit mobile version