Ол қазақ қыздарының жұлдызының жарық болғанын қалайды. Сол үшін өзі де жай адам болуды емес, жарқырауды таңдады. Әлемнің 44 елін аралап, жиһангез атанды. Әйелдер өмірі жайлы кітаптар жазды. Бастысы, өз өміріне енгізген жақсы әдеттерін блогында бөлісіп, қаншама қыздардың беткеұстар бейнесіне айналды. Ол «Өмірден опық жемеген жан болмайды, бірақ сол өміріне ғашық болуды әркім өзі таңдайды» деп есептейді. Бүгін біз саяхатшы, блогер және ізгі қоғам құруды насихаттап жүрген Динара Болатпен сұхбаттастық.
-
Өзіңіз блог жүргізе бастаған кезең мен қазіргі оқырманыңыздың деңгейі, талғамы туралы не айтар едіңіз?
— Мен блог жүргізе бастағалы 10 жылдан астам уақыт өтті. Ол кездердегі оқырман мен қазіргі оқырманның деңгейі мүлдем салыстыруға келмейді. Қазіргі аудиториямның арасында әуел баста парақша ашқаннан бері бірге келе жатқан жандар бар. Бәріміз бірге жүріп дамыдық. Бір-бірімізді тәрбиеледік. Олар менің блогер ретінде өсуіме әсер етті. Мен де қыз-келіншектердің бәлкім бұғып жатқан қабілеттерін табуына, ойларының оянуына әсер ете алдым деп ойлаймын. Оқырман ғана емес, біз де өстік. Бірге өстік…
-
Қазір әйелдер қауымына қаржылық тәуелсіздік туралы көп кеңес айтылады. Қандай да бір курс шықса да бірінші декреттегі әйелге жарнамаланады. Қалай ойлайсыз, декреттегі әйел ақша табуға міндетті ме?
— Иә, қазіргі заманда курс та, жарнама да көп. Декреттегі әйелдің жұмыс істемеуіне болады, егер сол декретке дейінгі жинап жүрген қоры бар болса. Балаларының әкесі қанша жерден асырап отырса да, баланың жөргекпұлы жетіп тұрса да, әйел адамның өз қажеттіліктері өтелетіндей өз ақшасы болуы керек. Ол ер адамның басындағы түсініктерден сәл бөлек тақырып. Сондықтан әйел адам бала тәрбиесімен ұзақ уақыт үйде отыруды қаласа, не жинаған ақшасы, немесе бөлек табысы болғанын құптар едім.
-
Қыз-келіншектердің арасында «өз уақытым» деп аталатын жақсы әдеттің қалыптасуына себепші болдыңыз. Басында, бұл ұғымды «бәрін тастап кофе ішу» деп түсінген арулар, оның мағынасы өз ойыңмен, қалауыңмен, қызығушылығыңмен тіпті өз проблемаңмен жеке қалу, өзіңді қуанту екенін түсіндік. Ал енді дәл сол сияқты “баламен сапалы уақыт” өткізу туралы қандай кеңес бересіз? Қай жастағы баламен қалай уақыт өткізу керек? Не сұрау керек? Не нәрсеге араласпау керек?
— Дұрыс айтасыз. “Өз уақытымды” үйрендік. Енді, баламен уақытқа келетін болсақ, оның белгілі бір ережесі жоқ. Осы жастан бастап бірге жүру керек деген қағида да жоқ. Балалар анасымен өте жақсы байланыста болуы керек. Әсіресе, қыз бала тәрбиесінде ананың тигізер ықпалы көп. Анасы жұмыс істейтін болса, жұмыстан кейін бір уақытын сол балалармен тілдесуге, ойын тыңдауға, бірге жүруге арнай алуы керек. Ал үй жағдайында бірге шай ішесіз бе, әлде саябаққа барасыз ба, ортақ бір киноны талқылайсыз ба, әйтеуір бала өзін емін-еркін ұстап, сізге шынын, сырын айта алатындай жағдай туғызып, адекват ата-ана болу керекпіз.
Баланың жүрегіне жол табу — оған сенім білдіруден басталады. Оны сөкпейтін, ойын ашық айтса қымсындырмайтын, бас салып ұрыспайтын ең жылы ортасы — жанұясы болуы керек. Сондықтан баламен байланыс орнатудан қашпаңыздар дегім келеді.
-
Қазақ қоғамында ене мен келін тақырыбы өзекті. Анасынан сепарация жасамаған бала, соған көнуі керек келін деген сияқты талаптар отбасы институтының әлсіреуіне әсер етіп жатқан сияқты. Осы тұрғыда, бүгінгі әйелдер де жасы келгенде баласына күні қарамайтындай болу үшін “қарттыққа дайындық” керек екенін айтып жүрсіз. Қарттыққа қалай әдемі дайындалу керек?
— Әдемі қарттық туралы көп айтып жүргенім рас. Қазіргі өтіп жатқан жастық, ата-аналық кезеңді саналы түрде өткеру — әдемі қарттықтың алғашқы баспалдағы. Біріншіден, қарттыққа дайындалу үшін балаға бауыр баспауды қазірден қолға алу керек. Әрине, ата-ана ұл-қызын, бауыр еті баласын жақсы көреді. Әсіресе, қазақ қоғамында ер балаға деген ықылас ерекше. Қазақ ер баланы қартайғанда менің жанымда қалады, мені бағады, кәрілікке жеткенде мені қуантатын осы болады деген үмітпен өсіретіндей. Бірақ әр баланың өз жолы, өз болашағы бар. Ол сіздің меншігіңіз емес. Егер әрқайсымыз баламыз бізден жарқынырақ болашаққа ұмтылып, өмір сапасы бізден жақсырақ, мықтырақ болғанын қаласақ, қанша қимай тұрсақ та баланы жіберуге дайын боламыз. Қартайғанда өз кәрілігімен бетпе-бет қалатынын білетін ана қазірден бастап отбасына байланбай, өзіне уақыт табуға, өз қызығушылықтарымен айналысуға, өзін дамытуға ұмтылады. Өзінің өмір салтын ерекше, қызықты етуге тырысады. Жас, қуатты кезінде реттелген өмір салты қарттық кезеңде үзілмейтіні анық. Баладан бөлек әлем құра бастауды — қарттыққа дайындық деп айтуға болады.
-
Сізді блогер ғана емес, саяхатшы деп танимыз. Барлық адамның жұмыс жағдайы, балалардың мектептен тыс уақытына қарайлауы, қала берді қаржылық жинағы көп саяхаттауға мүмкіндік бере бермейді. Дегенмен, осы жылы саяхаттауды мақсат етіп отырған жандарға қандай кеңес айтасыз? Бірінші саяхат қандай болу керек?
- Жалпы, саяхатқа деген махаббатты оятатын, құлшынысты анықтайтын дәл осы алғашқы саяхат. Мәселен, алғашқы шыққан сапарыңыз теріс әсер қалдырса, ыңғайсыздық тудырса адамның басқа жерлерді көруге деген құлшынысы төмендейді. Сондықтан алғашқы әсер өте маңызды. Осы бір әсерді бүлдіріп алмас үшін бірінші рет шет елге шығуды жақсы ұйымдастыра алатын адамдарға тапсыра білуіңіз керек деп ойлаймын. Әсіресе, өзіңіз баратын елдің тілін білмесеңіз немесе өз қалтаңыз көтеретін әрі жақсы қонақ үйлерді ажырата алмасаңыз сізге саяхатта тәжірибесі бар адамдардың көмегі керек болады. Бар уақытыңыз бен қаражатыңызды арнап барған бірінші еліңізде жағымсыз кикілжің туындап, жатын орныңыз жақпай қалса адамның көңілі шайылып қалады. Аузыңыз күймесін десеңіз, бірінші турмен баруға кеңес берер едім. Одан бөлек, адам шет елге шығып кеткенімен ішіндегі жүкті қоса арқалап кетіп жатады. Ол бәлкім үйде қалған бала, ата-енеге алаңдаушылық па, қызметінен сұранып кетсе де жұмыс алдындағы жауапкершілік пе, әйтеуір емін-еркін саяхаттан ләззат ала алмайтын адамдар көп. Сол үшін саяхатқа шыққан әр адамға айтарым — елдегі әр мәселе елде қалу керек. Сіз шекарадан шыққанда өзіңізді тану, әлемді тану, әр сәттен рақат алу процестерін бастауыз керек. Өйткені, ел аралау дегеннің өзі адамды өз-өзімен табыстыратын, қауыштыратын, бетпе-бет кездестіретін сондай рухани терапия. Адам тек материалдық тұрғыдан емес, моральды тұрғыда демалысқа дайын болып, ішіндегі қажетсіз қоқыстан арылып бару керек.
-
“Өмірге шексіз ғашық” пен «Соңына дейін әйел» кітабы көптің жүрегінен орын алды. Биыл оқырмандарды жаңа кітаппен қуанту жоспарда бар ма?
Шүкір. Екі кітап та оқырман жүрегінен орын алды. Бұл кітаптардың жүректен жүрекке жетуінің басты себебі — кітап бір ақша табу мақсатында немесе көп сатылым, танымалдылық үшін ғана жазылған жоқ. Кітап жазуда әр әйелге бір пайдам тисе екен деген жақсы ниет, мазмұнды мұрат болды. Сол себепті, келесі туындым да бабымен, асықпай жазылғанын қалаймын. Келесі кітап шынайы, жанға жақын, жайлы болып шығу үшін мен оны жанталаспай жазамын. Сондықтан, тағы бір кітап жуырда шығады деп дөп басып айта алмаймын. Өз сәтімен, бұйырса…
Қазір жастар жоғары білім алмай өмірден өз орныңды табуға болады деген пікірде. Бұл туралы не ойлайсыз?
— Соңғы кезде ақша жасаудың түрлі жолдарын меңгерген жандар жоғары оқу орнын бітірмей-ақ жетістікке жетуге болатынын жар салып айтып жатыр. Менің ойымша, жоғары оқу орындарында берілетін базалық біліммен әр жас сусындауы керек. Студенттік өмірді көріп, адамдармен қарым-қатынас құруды меңгеріп, академиялық білім алып шығудың өмірлік маңызы бар деп есептеймін. Университетте оқып, білім алып шыққан адам мен қандай жолмен болса да ақша тауып кеткен адамның ой-өресі, рухани-интеллектуалдық деңгейі бәрібір бөлек болады. Оқуды кейін оқи жатармын немесе ақшаң болса ешқандай білім керек емес деп ойлау — адамның өзін-өзі алдарқатуы. Адам жетістікке жетудің қандай жеңіл жолын көріп тұрса да, өтуі керек этаптарды еңсергені дұрыс болады. Мектепте білім алу, университетте оқу, жұмыс істеп көру — осының бәрінен жинақтаған білім-тәжірибесінен кейін қандай салаға кетсе де, қай бағытқа бұрылса да онысы саналы шешім деп есептеймін.
— Әр қыз баласына айтар қысқа тілегіңіз немесе кеңесіңіз болса, мархаббат!
— Қыз баласына айтар тілегім — біреу. Әр қыз өзінің құндылығын білуі керек. Білім алуға, өсе беруге, дамуға, бақытты болуға, жақсы қарым-қатынасқа лайық екенін түсінуі керек. Өзінің табиғи болмысы да, адами келбеті де құнды екенін білген қыз жаман нәрсеге мойынсұнып, өзін жеңілдірмейді. Өзіне жақсы жағдай, жақсы өмір, жақсы қатынасты талап етіп, өзін лайық көргенде ғана ізгі өмір басталады. Сондықтан, әр қыз баласы өзінің құнды екенін білсе екен деп тілеймін.
- Сұхбаттасқаныңызға рахмет. Еңбегіңіз жемісті болсын!
Әңгімелескен: Айым Алтайқызы