Басты бет Ақпарат Рэй Брэдберидің музасы әрі өмірлік махаббаты кім болды?

Рэй Брэдберидің музасы әрі өмірлік махаббаты кім болды?

Фантастика мен фэнтези жанрына өлшеусіз үлес қосқан Рей Брэдберри табиғатынан өте ерекше адам болған. Мәселен, жаңа жылға сыйлық ретінде тек кішкентай балаларға арналған ойыншық алғанды жақсы көрген. Оның сүйікті мейрамы —  Хэллоуин мерекесі еді. Ол өз жұмыс кеңсесінде түрлі қорқынышты заттардан коллекция жинаған. Сонымен қатар, тек әдебиетпен ғана емес, сурет өнерімен де шұғылданған. Бір сөзбен айтқанда, Рей өзінің шығармашылық қиялын шектемей өмір сүрген талант иесі. 

Ерекше таныстық

Осындай болмысы бірегей жанның өмірлік серігі, шабыт берген музасы да қарапайым адам болмағаны анық. Маргарет Маклюр Лос-Анджелес қаласына келіп, «Фаулер Бразерс» атты кітап дүкеніне жұмысқа орналасқан бойжеткен болатын. Ол 1946 жылы дүкенге күдікті бір кісі келіп жүргенін байқайды. Бейтаныс адам үстіне ұзын пальто киіп, қолына әдемі портфель ұстап алған екен. Маргарет оған жақындап, «қандай көмек көрсете аламын?» деп сұрайды. Рей Брэдберри өзінің жазушы екенін, бұл дүкенде өзінің фантастикалық кітаптары бар-жоғын тексеруге келегенін айтады. Әлбетте, Маргарет бұл жауапқа күмәнмен қарайды. Себебі, кішкентай дүңгіршекке үлкен жазушының келуі — оған адам сенгісіз жайт болып көрінді. Сондықтан, бұл кісінің «бірге кофе ішейік» деген ұсынысынан бас тартады.

Арада бірнеше күн өткен соң Рэй кітап дүкеніне қайта бас сұғады. Бұл жолы ол кітап іздеуге емес, Маргаретті көру үшін келген еді. Осы уақыт аралығында Маргерет жазушының шығармашылығымен танысып үлгергендіктен, онымен әңгімелесуден қашпайды. Сөйлесе келе, екеуінің бір-біріне ұқсайтын тұстары өте көп екенін байқады. Екеуі де әлеуметтік жағдайларының төмен болуына байланысты жоғары білім ала алмай қалған. Дегенмен, университеттен алмаған білімнің орнын әртүрлі кітаптар оқу арқылы толтырып жүрген жандар тез тіл табысып кетеді.

Осы кездесу екі кітапсүйер жастың өмірін түбегейлі өзгертті. Алғашында екеуі, әртүрлі шығармаларды оқып, оны бірге талқылау үшін кездесіп жүрді. Ары қарай бұл қарым-қатынас махаббатқа ұласып, 1947 жылы Мэгги мен Рей отбасын құрады.

Жас-жұбайлардың өмірі 

Тұрмысқа шыққан соң Маргарет кітап дүкенінде жұмыс істеуін жалғастыра берді. Алайда, екі адамның өмір сүруіне бұл жалақы аздық етті. Өмірін жазуға арнаған Рейдің қаламақысы да мардымсыз болатын. Соған қарамастан, жас-жұбайлардың бір-біріне деген қолдауы мен махаббаты тұрмыстық таршылықты еңсеруге көмектесті.

1950 жылы Брэдберидің  «Марсианские хроники» атты романы жарық көреді. Жазушының осы туындысы аз уақыттың ішінде оқырман ықыласына бөленіп, бестселлер кітапқа айналды. Қаламгердің отбасы қыруар гонорардың қызығын көретін күнге де жетті.  Рей өзінің осы шығармасын әйелінің құрметіне арнап жазғанын айта келіп:

«Егер жұбайымның шыдамдылығы мен қолдауы болмағанда, баяғыда жазуды қойып кетуім мүмкін еді» — деп ризашылығын білдірді.

Маргарет Рейдің музасы ғана емес, оның ең бірінші оқырманы, сыншысы, кеңесшісі болды. Өз өмірлік серігінің шексіз талант иесі екенін біліп, оның жазумен айналысуына үнемі жағдай жасады. Тіпті, жаңа жылдық сыйлық ретінде Рей ұнататын ойыншықтарды да алып беретін еді. Ешқашан оның ессіз идеяларына, қиялына кедергі келтірген жоқ. Екеуі 57 жыл бойы бақытты ғұмыр кешіп, төрт қыз өмірге әкелді. 

 

Exit mobile version