Иранда 14-ші халықаралық спорттық фильмдер фестивалінде қазақстандық «Алға» кино туындысы 2 бірдей марапат алды. «Үздік режиссер» аталымында Ернар Нұрғалиев жеңімпаз атанса, «Екінші пландағы үздік ер адам рөлі» атты жүлдесіне Ерік Жолжақсынов лайық деп танылды.
Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті. «Алға» – әкелерінің қазасынан соң қылмысқа бет бұрған ағайындылар жайлы баяндайтын фильм. Алайда олардың ауылына талантты жастарды іріктеу үшін жеңіл атлетикадан жаттықтырушы келіп, өмірлеріне өзгеріс әкеледі. Олардың бірі марафондық жүгіруден әлем чемпионымен бәсекеге түседі.