«Ағайынды Жүгінісовтердің» анасы Айнұр Жүгінісова «Мамский әңгіме» бағдарламасына берген сұхбатында қыз баланың жаңа отбасыға бейімделуі үшін белгілі бір тәртіптің болуы маңызды екенін атап өтті. Ол жиі ата-анасымен байланыс орнату келіннің отбасылық қатынастарына кері әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.
«Қазір ажырасудың бәрі неден болып жатыр? Бүгін түседі де, ертең «дочка как ты?» деп звондап тұрады. Бұл дұрыс емес. Сен қызыңды бердің ғой. Өз үйін таптың деп қуанып отырсың. Қазақта аурудың ғана хәлін сұрайды. Кеткен адамның қалын сұрамайды», – деді Айнұр Жүгінісова.
“Ата-ана қызын ұзатып, қыз кеткен соң Алладан “Бала-шағам аман болсын, өссін, өнсін. Барған жеріне тастай батып, судай сіңсін” деп тілеуін тілеу керек. Қазақта төркіндеу деген бар. Біздің отбасымыз дәстүрдің бәрін сақтайды. Менің келіндерім келін боп түскен соң бала көтеріп, немерем бір жасқа тола бастағанда ғана төркініне жіберемін. Немеремді нағашыларымен таныстыруға жіберемін. Оған дейін олар ешқайда бармайды. Нағашылары жиенін жөн-жоралғыларын жасап күтіп алады. Қазақ жиен келгенде сұрағанын берген. Қыз да сүйкімді, қадірлі”, – дейді Айнұр Жүгінісова.
Ол қызын ажырастырып алатын ата-аналарға да ескерту жасады:
“Қазір қызды бір баласымен айырып алады. Сөйтіп “сен бүйттің, сөйттің” деп өз қызы көзіне күйік болып отырады. “Ішіме сыйған қыз сыртыма да сыяды” деген мақал бар ғой. Бала сыртыңа сыймайды. Бірге тумақ бар, бірге жүрмек жоқ. Ана дүниеге барсаң да, жалғыз кетесің. Бір емес, бірнеше қызын жанына жинап алған ата-аналарды білеміз. Ана осылай баласының бақытын жауып отыр. Кейбіреулер қыз бала тұрмысқа шықса ата-ананы асырау керек деп ойлайды. Мысалы, қыздар бай-қуатты жерге тұрмысқа шығады. Бірнеше жылдан кейін бір әулетті банкротқа ұшыратады. “Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық” дейді. Демек, ырыс еркекке беріледі. Ал әйел сол ырысты ұрлап-жырлап төркініне тасиды. Төркінге беру арқылы әулетке беріліп тұрғаны ырысты шайып жібереді. Күйеу бейшараның жолы жабылған, әйелге мөлиіп қараған күшікке айналады. Содан әйелге де, оның әке-шешесіне де керек болмай қалады. Сөйтіп қызына “қайт, айналайын” дейді”, – деп қорытынды жасады продюсер.