«Отбасы банк» төрайымы Ләззат Ибрагимова «Наурыз» ипотекалық бағдарламасына қатысу шарттарына енгізілетін өзгерістер туралы мәлімдеді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ләззат Ибрагимованың айтуынша, бағдарламаға жүргізілген талдау екі негізгі мәселені анықтаған.
«Бірінші мәселе – көптеген сатып алушылар жөндеу жұмыстары жүргізілген дайын тұрғын үйді сатып алуды жөн көреді, себебі жөндеу шығындары айтарлықтай көп болады. Осыған байланысты банк Құрылыс компаниялары қауымдастығымен бірқатар кездесулер өткізді. Енді порталда тұрғын үйлер дайын күйінде орналастырылады, ал сатып алушылар оны 10 пайыздық бастапқы жарна төлеп ала алады. Бұл өзгеріс 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді», – деді «Отбасы банк» төрайымы.
Ләззат Ибрагимованың айтуынша, енді «Наурыз» бағдарламасына қатысу үшін депозитте ең төменгі сома 2 миллион теңге болуы қажет.
«Қазіргі уақытта бағдарламаға қатысу үшін депозитте 1 миллион теңге болуы қажет, алайда конкурс жеңімпазы тұрғын үй құнының 20 пайызын қысқа мерзімде төлеуі тиіс. Талдау көрсеткендей, 2,5 мың өтінімнің тек 39 пайызы осы талапқа сай. Сондықтан депозиттегі ең төменгі соманы 2 миллион теңгеге дейін ұлғайтуды ұсынамыз. Бұл бағдарламаны жүзеге асыруды жылдамдатады», – деді ол.