Қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Мақпал Жүнісова марқұм күйеуі Заманбек Нұрқаділовтің өлімі туралы жан сырын ақтарды. Өнер иесі жолдасы өзін-өзі атты деген тұжырымды алып тастау керек екенін жеткізді.
Мақпал Жүнісова белгілі тележүргізуші Дина Төлепбергенге сұхбат беріп, Нұрқаділовтің құрметіне ашылған ескерткішке қатысты пікір білдірді. Оған қоса әнші марқұм жолдасының өлімі туралы сөз қозғады. Сөзінше, саясаткерді ақтық сапарға шығарып саларда жуындырған кісілер де марқұмның денесінен соққыға жығылған іздер көрген.
«Атын атап, түсін түстеп, өзін-өзі атты деген вердиктті алып тастау керек. Сосын барып, ескерткіш немесе мұражай ашады ма, сол дұрыс болатын еді. Сол өзін-өзі атты деген нәрсе әлі тұр ғой. Соған қарамастан барып ескерткіш ашамыз дейді. Сондай тіріліп келеді ме ол кісі? Адамның артында сол қинап өлтірді, атып өлтірді, ұрып өлтірді деген нәрсе бар. Қатты ұрған дейді. Жуындырған адамдар айтты. Белінде үш жерде сынығы бар екен. Сонда кәдімгідей тепкен болып тұр ғой. Соның барлығы ашылмағанына жүрек ауырады», — деді Жүнісова.
Сондай-ақ әнші өзін халықтың қошеметі ғана бақытты етіп келе жатқанын жеткізді:
«Қанша мықты әйелмін десең де, нәзік екеніңді кейін сезесің. Бәріне шыдау мүмкін емес. Біз де адамбыз ғой. Кейін бәрі жақсы болар. Ақиқат ашылып, соған куә болып, немеремді құшақтап отыруды елестетемін, армандаймын. Жалпы менің өмірім осы өнерім ғой. Мен тек сахнада бақытты адаммын. Үйге келген соң барлық адамдар секілді жылайтын, ойлайтын, күлетін кезім болады. Бірақ шынайы халықтың махаббаты мені осы күнге дейін алып келе жатыр. Менің тыңдармандарым менің жанымды жақсы түсінеді, жаман жерімді байқамайды», — деді өнер иесі.
https://youtu.be/M7aZik4xYH4?si=TKpIicqSwBpz8-Ix