Басты бет Ақпарат Әдебиеттанушы Айнұр Төлеу: «Әдебиеттің миссиясы — жақсы адам тәрбиелеу емес»

Әдебиеттанушы Айнұр Төлеу: «Әдебиеттің миссиясы — жақсы адам тәрбиелеу емес»

Artkoshe тәуелсіз театрының Alqa фестивалі аясында драматург Айнұр Төлеу мен режиссер Заңғар Ахмет-Қазының «Qabyrğa qalqasynda» туындысы тұңғыш рет сахналанды. Ұлмекен есімді келіншектің сыры мен шыны айтылатын қойылым көпшіліктің көңілінен шыққан сыңайлы.

Ал автордың өзіне қойылым ұнады ма? Шығарма көрерменге нендей ой жеткізгісі келді? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алып, әдебиет жайлы әңгіме өрбіту үшін  Айнұр Төлеумен арнайы сұхбаттастық: 

— Күні кеше ArtKöshe тәуелсіз театрында сіздің драмалық шығармаңыз сахналанды. Бұл драматургия саласындағы алғашқы тәжірибеңіз бе? Қойылым көңіліңізден шықты ма?

— Бұл — менің драматургия саласындағы алғашқы тәжірибем. Қойылым көңілімнен шықты. Бұл жерде режиссердің еңбегі өте жоғары. Ол менің айтқым келген ойды одан әрі тереңдетіп, детальдармен толықтырып, көрерменге әсер ету жолдарын жақсы таба білген. Сондықтан, режиссерге алғыс айтқым келеді. Қойылымның сәтті шыққаны сондай, мен бұл пьессаны  автор ретінде емес, басқа біреудің шығармасын қарап отырған көрермен сияқты тамашаладым десем болады. Әрине, осындай әсерге бөлей алған актрисаның да еңбегін, шеберлігін айта кеткен жөн.

  • Туындыңыз неліктен “Қабырға қалқасында” деп аталады?

— Туынды — төрт қабырғаның ішінде қалған әйел туралы. Біз үйдің ішіне өмірін арнаған әйелдерге көп көңіл бөле бермейміз. Сыртқа шыққанда, қоғамдық ортаға барғанда бақытты адамның бетпердесін киіп аламыз. Үйге қонақ келе қалса да бақытты адамның рөлін сомдап береміз, тойда да “бақытты болу” туралы тілек айтамыз, жарнамада да сол бейне насихатталады. Капиталистік қоғамда бақытты болу, бақытты қолдан жасап алғандар қатты бағаланады. Шын мәнінде төрт қабырғаның ішінде не болып жатқанына үңіле бермейміз. Инстаграмда болсын өзімізді жақсы, бақытты қырымыздан көрсеткіміз келеді. Себебі, қоғам бізден соны талап етеді.

Бірақ өмірдің заңы тек бақытты болудан тұрмайды ғой. Жер шары тоқтамай айналып жатады десек, оның тең жартысы күліп, тең жартысы жылап тұр емес пе?!

Оның үстіне, мен гендерлік тақырыпты зерттеп жүргеннен кейін әйелдің жан-дүниесі ашылған шығармаларды көргім келеді. Алайда осы тақырып ашық айтылған туындыларды көп кездестірдім деп айта алмаймын. Дегенмен, “бізде ондай жоқ, болса да аз” деп сын айтып жүре бергенше, өзім қолымнан келгенді жасап көрейін деп шештім.

— Жалпы, «кино, әдебиет, театр» қоғамды бір құндылыққа баулып, тәрбиелеуге міндетті деп санайсыз ба?

— Мен бірден “жоқ!” деп жауап беремін. Өнердің қай түрі болса да, бізді тәрбиелеуге міндетті емес. Біз неге олай ойлаймыз және осы сұрақты неге қоямыз? Мен оны өте жақсы түсінемін. Біз бірнеше ұрпақ “әдебиет — қоғамды тәрбиелеуші, ол адамды, ұлтты қалыптастыратын құрал” деген оймен өстік. Бұл кеңестік дәуірдің сарқыншағы деп ойлаймын. Сол кезеңдерде әдебиет биліктің қолшоқпары, прапоганда жасаудың, идеологияның қаруы болғаны жасырын емес. Ол замандағы әдебиет «үлгілі кейіпкер» арқылы насихат жүргізуді басты мақсат етіп қойды. Біз сол ойдан арыла алмай қалдық. Негізі, әдебиеттің функциясы өте көп, ол жақсы адам тәрбиелеумен шектелмейді. Сондықтан, жазушы да, оқырман да, зерттеуші де әдебиет туралы көзқарасын әлі кеңейте түсу керек.

— Қазір жазылып жүрген шығармаларға әдебеттанушы ретіндегі көзқарасыңыз қандай?

— Егер мен әдебиеттанушы ретінде «қазіргі шығармаларға осылай деп баға беремін!» деп шорт кессем, онда ол менің әдебиеттанушы еместігімді білдірген болар еді. Мәселе — әдебиеттанушы өзі оқып отырған шығармаға қай оптикадан қарайтындығында.

Мысалы, мен шығармаға өз зерттеу объектім тұрғысынан қараймын. Мен өз зерттеу бағытымның аясында бір шығармаға көңілім толмаса, ол туынды жаман деген сөз емес. Шығарманы этнография тұрғысынан қарайтын әдебиеттанушылар бар. Олар оқыған кітапты ұлттық танымға сай талдап шығуы мүмкін. Ол: “әйел — ұлттың ұйытқысы”, “әйелдер таққан әшекей” деген секілді детальдарға мән беруі ықтимал. Яғни, өз теориясы бойынша  талдайды да қояды. Егер дәл сол шығарманы менің зерттеу шеңберімде қарастырсақ, ол жерде әйел — еркіндігі жоқ, құқығы шектелген адам болып көрінуі мүмкін. Сондықтан, оқыған шығармаға үзілді-кесілді баға беру бұрынғы, ескі танымдардан таңылған нәрсе деп есептеймін. Кез келген әдеби шығарма жазушының үлкен еңбегі мен ізденісінен туады. Әдебиеттанушы оған қай ракурстан қарайды? Міне, мәселе осында.

— Әдебиеттегі постмодернизм бағытын зерделеуге арналған онлайн курс жасадыңыз. Біздің төл әдебиетімізде бұл бағыт қаншалықты дамыған?

— Біздің әдебиетте постмодернизмнің қаншалықты дамығанын сол саланы зерттеп жүрген ғалымдар нақты айта алады. Менің бұл курсты ұйымдастырып, постмодернизмді зерттеп жүрген ғалымдарды жұмылдырудағы мақсатым — жаңа әдеби тенденцияларды түсінсек деген ниет. Бұрынғы көзқарас, бұрынғы таным, бұрынғы теориялардан арылсақ деген ой. Мектептің өзінде әдебиетті бұрынғы көзқараспен оқытып, түсіндіріп келеміз. Содан да болар, шетелдік шығармаларды тосырқау, жатырқау, мойындамау, жаңа әдеби үрдістерге үйренісе алмау жиі байқалады. Әрине, біздің ұлттық әдебиетіміздің жөні бөлек, тұғыры биік, тарихы терең. Бірін — ескірген, бірін — жаңарған деп бөліп жатқаным жоқ. Дәл қазір бір қаламгер постмодернистік шығарма жазам десе де, ол қазақтың постмодернизімін жасаған болып шығады. Себебі, ол ұлттық сана, ғасырлар бойы санада қалыптасқан концептілер, тарихи жады, интертекстті қосып жазады. Қай бағытта, қай ағымда болмасын қазақы бірегейлік көрініп тұрады. Сондықтан, біз әдебиетке келіп жатқан кез келген эксперименттен қорықпауымыз керек. Бізде бір басқаша дүние жазылса ол әдебиетті құртып тастайтындай қорқыныш бар ғой. Негізінде, қорқудың еш қажеті жоқ. Тіпті, Алаш қайраткерлері өз заманында ізденістерінің арқасында әдебиетке түрлі жанрлар, бағыттар алып келген. Қазақ модернизмі сол Алаш заманынан бастау алады деуге де болады.

— Жақын арада оқып, өзіңізге ерекше әсер еткен кітап болса, оқырманмен бөлісе аласыз ба?

— Әдебиеттанушының алдынан бір аптаның ішінде бірнеше көркем шығарма өтеді. Кейде авторлар әлі баспа бетін көрмеген жаңа шығармаларын сынату үшін қолжазбаларын ұсынуы мүмкін. Кейде, жаңадан шыққан кітаптарды бағалау үшін, пікір білдіру үшін оқып шығамыз. Сондықтан, дәл қазір бір апта бойы бір кітапты оқыдым, соның кейіпкерлерімен бірге толқыдым, енді аяқтап кітаптан алған әсерімнің лязатты шағында жүрмін деген күй әдебиеттанушыда  бола бермейді. Әрине, адамбыз ғой. Кейде бір кейіпкермен бірге алуан сезім кешіп, соның жанкүйеріне айналатын сәттеріміз де болып тұрады. Алайда ол күйден тез шығып кетуге мәжбүрміз. Себебі, келесі шығарманы оқу міндеті алдымызда тұрады. Сондайда кітапты әдебиеттанушы, сыншы ретінде емес қарапайым оқырман болып оқып, бірге мұңайып, бірге шаттана алатын адамдарға қызыға қараймын.

Өзіңіз театрға жиі барасыз ба?

— Адам өзін дамытып, кемшіліктерін байқау үшін, танымын кеңейту үшін театрға жиі барып тұру керек деп ойлаймын. Қазір мен драмалық шығармалардың жазылу, қойылу процесін зерттеп жүргендіктен, әріптестерімнің жұмыстарын бақылау мақсатында театрға көп барып жүрмін. Сонымен қатар, документалды фильмдерді, жүлде алған кинокартиналарды көру үшін кинотеатрға да барып тұрамын.

  • Сұхбатыңыз, құнды ойларыңыз үшін көп рақмет. Енді, поэзия қоржыныңыздан бір қонақ кәде сұрасақ қалай қарайсыз? 

 — «Театрға барайықшы» атты өлеңімді қабыл алыңыздар: 

Аярлықтан арды бір арашалап
Әтір сеуіп, көйлекті жаңашалап,
Театрға барайық та, сүйсінейік
Сүйіскен әртістерді тамашалап,

Сомдалып қарсы алдымда қиял тұлға,
Ешкім де талпынбасын ұялтуға!
Ұяттан қашып сонда тығылайық,
Өтінемін, шақыршы театрға!

Сенде жоқ ерлікті іздеп барайықшы,
Сезімді іздеп, өртеніп жанайықшы,
Содан соң мендегі жоқ еркелікті,
Бір әртістің бойынан табайықшы!

Өткен күнді еске бір түсірейік,
Жалғыз сөзге үлкейіп- кішірейіп,
Сүйемін деп айта алмай қобалжыған,
Ғашықтардай күлейік-күрсінейік.

Жоқтың бәрін сол жерде түгендейік,
Уақытты гардеробқа жүгендейік,
Күйбеңіне тірліктің күлдіреген
Жүректі алып сол жерде бір емдейік!

 Сұхбаттасқан: Айым Алтайқызы

Exit mobile version