Былтырғы жылы 1 млрд теңгеден астам касса жинаған «Міржақып. Оян, Қазақ!» фильміне Америкада танылған жас қазақ режисері Айсұлтан Сейітов сын айтты:
Сіздерде қалай болғанын білмеймін, бірақ мен «Оян қазақты» көрген кезде «ұлтараздық қоздыруды» сезіндім. Мен автор ретінде оны бұлай көрсете алмас едім, — дейді режисер «Dope soz» подкастында.
Еске салайық, «Міржақып. Оян, Қазақ!» — Міржақып Дулатов туралы түсірілген көркем фильм. Туынды Қазақстан ұлттық телеарнасының қолдауымен түсірілген 6 сериялық сериал негізінде дайындалды. Фильм мемлекет қаржысына Мәдениет және ақпарат минситрлігінің қолдауымен түсірілген. 2023 жылдың қыркүйегінде фильм қазақстандық прокатқа шықты.
Бұдан соң Маржақып Дулатұлының тағдыры арқылы сол кездегі тұтас бір ұлттың жай-күйін жеткізген фильм жасаушылар қарап қалмады. Туындының продюсері Айсәуле Әбілда Сейітовке Фейсбук желісі арқылы жауап берді.
– Ашу мәселесіне келсек, ол біздің ішімізде сол «Оян, қазақ» кітабы жазылғаннан бері, яғни 115 жыл бойы келе жатқан сезімдер ғой, алайда сізге оны түсіну қайда?! Себебі, сіз әу бастан орыс тілді, асфальтта өскен жігітсіз. Сіздің қазақ тілінде сөйлей тұра, өз еліңде дискриминацияға ұшыраудың не екенінен хабарыңыз да жоқ. Сіздің банкке барып, таза қазақ тілінде құжатты талап етіп, 3 сағат күткен тәжірибеңіз жоқ, себебі сізге беретін қағазда бәрі түсінікті, сіз әуежайда қазақ тілін талап етіп, хат жазбайсыз, сіз әр дүкенге кіріп, жарнаманың қазақ тілінде болу керегін ескертіп, стреске түспейсіз, қорланбайсыз. Сіздің орыс тілділердің өктем дауысын, кемсітуін сезетін иммунитетіңіз жоқ. Сіздің жол қашаннан даңғыл, – деп жазды А.Әбілда.