Басты бет Ақпарат Балаңызбен отырып оқитын ертегі

Балаңызбен отырып оқитын ертегі

Алма бағы

(ертегі)

 Ерте, ерте, ертеде Қызақай деген кісі болыпты. Атына заты сай, ол көрінген нәрсеге қызыға береді екен. Жай қызығып қоймай, өзінде жоқ затқа іші күйіп, қызғананатыны да бар еді.

Бір күні Қызақай кісі екі көршісінің бағынан үлкендігі адамының басындай алмаларды көреді. Сөйтіп сол алма ағашының тұқымын сатқан саудагерді тауып, жемістің дәл сол сортын ауласына егіп тастайды. Алайда, келесі жылы көктемде алма ағашы гүлдемепті. Тіпті, күз айы келгенде де көршілерінің ауласынан көргендей үлкен алмалар пісіп шықпапты. Осыған ашуланған Қызақай былтыр тұқым алған саудагерді іздеп барады.

  • Сен неге маған көршілеріме сатқан тұқымды бермегенсің? Әлде олар саған көбірек пұл төледі ме? Айт шыныңды!
  • Уа, замандас! Сабырға кел. Мен үшеуіңе бірдей жемістің тұқымын беріп едім. Істің мән-жайын білу үшін көршілеріңіздің ауласына барып көрелік. Бәлкім, бір түсінбестік бар шығар?!

Екеуі бірінші байдың үйіне келіпті. Байдың ауласында қызметшілер жүр екен. Олар базардан ең үлкен деген алмаларды таңдап әкеліп, оны ағаштардың ең биік бұталарына байлап қойып жатыр екен.

«Жұртқа көрінетіндей етіп, биігірек байлаңдар!», — деп бай тапсырма беріп жатыпты. Осыны көріп қуанып кеткен Қызақай:

  • Қап, бәлем. Елдің көзін қызықтырып қызыл алмаларды өтірік көзге көрсетіп қояды екен ғой. Ал, саудагер! Байдың да тұқымы жеміс бермепті. Ақшамды қайтар!
  • Тұра тұр, замандас. Тағы бір көршіңнің үйін көрелік.

Олар оң жақтағы үйдің ауласына кіріпті. Үй иесі балаларына таудың таза бұлағынан су тасытып жатыр екен. Әкелген суды күннің көзіне жылытып қояды екен. Одан соң: «Е, жаратқан осы суды алма ағашының бойына дарытып, одан өскен жемісті балаларыма адал азық ете гөр!» деп тілек айтып барып,  жемістерді суарады екен. Расында да оның алма бағы құлпырып тұр. Балалары шелек-шелек алмаларды теріп алып, оны ағайын-туыс, көрші-көлем, дос-жаранға таратып беретін көрінеді.

Осының бәріне куә болған саудагер:

-Көрдіңіз бе, замандас. Бәріңіз менен бір тұқым сатып алдыңыздар. Бірақ  алған ниеттеріңіз әр түрлі болыпты. Әркім қалағанына қол жеткізді.

Сол жағыңызлағы көрші – жұртқа мақтану үшін, оң жағыңыздағы көрші – бала-шағасын азықтандыру үшін, сіз – жұрттан қалмау үшін сатып алдыңыз.

Біреудің бағына қызықпас бұрын, оның сол жеміске жету үшін қандай жолдан өткенін біліп алғаныңыз абзал.

Саудагердің сөзінен Қызақай қандай сабақ алып, нендей ой түйгені бізге беймәлім. Әйтеуір, содан бастап, біреудің дүние-мүлкі, атақ-даңқы, жақсы жетістігін көрсе таңырқап, қайталағысы келіп тұратын адамдар «Қызақай» атанып кетіпті.

Ертегі авторы: Айым Алтайқызы 

Exit mobile version