Басты бет Ақпарат Ержан Мырзабаев: «Баланы өтірікші қылатын — ата-ананың өзі»

Ержан Мырзабаев: «Баланы өтірікші қылатын — ата-ананың өзі»

Бала тәрбиесі — күрделі тақырып болғанымен, өте қарапайым қағидалардан тұрады. Ата-ана кейде бала тәрбиелеп жатырмын деп ойлағанымен, кейде сол балалар керісінше ата-анасын жақсы әдетке баулып жатады. Әсіресе, жаңа заманның балалары қорқытып-үркітіп емес, сау да саналы коммуникациямен өсіруді талап етеді.

Мәселен, сіз балаңызбен емін-еркін отырып сөйлесе алатын ата-анасыз ба? Ол сізге барлық құпиясын бүкпей айта ала ма? Егер олай болмаса, психолог Ержан Мырзабаевтың мына кеңесіне құлақ түргеніңіз жөн: 

Егер балаңыз сізге жиі өтірік айтатын болса, бұл балаңыздың сізден қорқатынының белгісі. Өтірік айтуға итермелейтін басты фактор — қорқыныш. «Шынымды айтқан кезде біреу маған ұрысады, қауіп төндіреді, зияны тиеді» деген оймен балалар өтірік айта салады. «Балам неге алдайды, Өтірігі бәрібір шығып қалады, ертең біліп қалады ғой» деп ересек адамның логикасымен ойланбаңыздар.

Балалар дәл қазіргі сәтті, дәл қазіргі күнді ғана ойлай алады. Қатаң жаза, ауыр сөз естігенше, өтірік айтып ситуациядан шығуды ғана ойлайды. Сондықтан, балаңыз сізбен ашық, шынайы әңгіме айтсын десеңіз, өтірік айтпай адал қарым-қатынаста болсын десеңіз, балаңызды қорқытпаңыз! Иә, балаңыз бірнәсрсені құртып, бүлдіріп алу мүмкін. Бірақ, өтірік оған да, сізге де ешқандай пайда алып келмейді. Демек, «Балам, не жағдай болса да, маған әрдайым шыныңды айт. Мен саған барынша көмектесуге тырысамын. Істеген, бүлдірген затыңды бірге түзетеміз. Мен сені ұрмаймын, соқпаймын. Ешқандай зияным тимейді, — деп сендіріп қойыңыз. Сол кезде балаңыз өтірік айтпайтын болады, — деді отбасылық психолог.

Exit mobile version