Басты бет Жаңа ой «Өмірлік жарымды өлең арқылы таптым…» Ақын Айзада Рақымжановамен сұхбат

«Өмірлік жарымды өлең арқылы таптым…» Ақын Айзада Рақымжановамен сұхбат

ҚР Жазушылар одағының мүшесі, «Меруерт моншақ» , «Біз екеуміз», «Алтын тамыр» кітаптарының авторы, ақын, журналист, Арқаның аруы — Айзада Рақымжанова әдебиетсүйер қауымға жақсы таныс. Оның өлеңдерінде лирика да, драма да, мөп-мөлдір сезімдер де моншақ болып төгіліп жатады. Ал әңгімесіне тіпті тәнті болдық. Ендеше ақын арумен болған әдемі сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

  • Жаңаарқада жайқалып өсіп келе жатқан бала Айзадада ақын болсам деген арман қалай пайда болды? Өміріңізде көрген, естіген, әсер еткен, ұқсағыңыз келген ақын болды ма?

— Мен өзімнің ақындық қабілетім бар екенін 2-3-сынып оқып жүргенде байқадым. Сыныптастарыма қалжыңдап, қылжақтап тақпақтар құрастырып жүретін едім. Ондай қабілетім бар екенін байқаған анам да түрлі балаларға арналған әдеби-танымдық газет журналдар алдырып, қызығушылымның ашылуына үлес қосты. Анам мектепте мұғалім еді. «Айгөлек», «Балдырған», «Ақжелкен» сияқты журналдарды ай сайын асыға күтетінім есімде. Сол басылымдарды оқып алып өзім де шабыттанып, әртүрлі тақырыпта өлең жаза бастадым.

Өсе келе ауыл кітапханасынан шықпайтын болдық. Ол кезде интернет те жоқ еді ғой. Бар қызығымыз — кітап. Фариза Оңғарсынова, Күләш Ахметова, Аққұштап Бақтыгереева апаларымыздан бастап, орыс әдебиетіндегі Анна Ахматова, Марина Цветаева есімдерімен таныс, өлеңдеріне ғашық болдым.

Кейін студент болдық. Қарағандыда оқып жүргенде Астанада жыл сайын өтетін Халықаралық «Шабыт» фестивалінің «поэзия номинациясы» бойынша қатысушысы болдым. Сол кезде Фариза апамыз өз қолымен диплом табыстап, батасын берген еді. Сол оқиғаның өзі менің көңіліме қанат бітірді, өлең әлемінде қалуыма себеп болды десем артық айтқандық емес.

  • Жақында “Драма” атты әдеби-романтикалық поэзия кешін өткізіпсіз. Көңіліңізден шықты ма? Болашақта әр қаланы аралап кеш өткізуге қалай қарайсыз?

— Бұл кештің форматы басқа әдеби кештерден мүлдем өзгеше болды. Мен осылай кеш өткізуді бірнеше жылдардан бері армандап, жүзеге асыра алмай жүрген едім. Өз ойлағанымнан да жоғары деңгейде өтті. Халыққа мұндай кештердің қажет екенін түсіндім. Әр қаладағы оқырман әлеуметтік желіге жазып, шақырып та жатыр. Сұраныс көп болғандықтан, ізін суытпай Астана қаласында «Драма 2» деген атпен екінші кешімді өткізуді жоспарлап отырмын. Бір айта кетерлігі, поэзия кеші ақылы форматта өтті. Кештің ерекшелігі де сол болды. Халық өлеңді өздері іздеп келгенін қаладым. Осылайша, поэзияға деген қоғам көзқарасын биіктеткім келді. Алдағы уақытта барлық үлкен қалаларды аралау ойымда бар.

  • Өзіңіз де, өмірлік серігіңіз де өлең өнеріне жақынсыздар. Қалай танысқандарыңыз қызық болып тұр…

— Өздеріңіз білетіндей жан-жарым Рауан Қабидолдин де өлеңнен құр алақан емес. Біз Рауанмен  Қарағанды университетінде студент болып жүрген кезімізден таныспыз. Екеумізді табыстырған — өлең деп айтсақ қателеспейміз. Мен 1-курсқа студент болып қабылданған кезде Рауан «Шабыт» поэзия клубының жетекшісі екен. Ақын досы Мирас Асан екеуі жас таланттарды анықтау мақсатында өлең жазатын жастарды жинады. Олар — жоғары курс студенттері. Біз — жан-жақтан жиналған «балмұздақтармыз». Жазғандарымызды сынатып алайық деп бір топ ақын барып тұрмыз. Арамыздан бірнешеуіміздің ғана өлеңімізді ұнатып, поэзия клубына қабылдады. «Ұйқастары шымыр, қаламы жатық» деп мақтағаны есімде. Содан бері екеуміз етене араласып, таныстығымыз махаббатқа ұласты.

  • Қазіргі жас ақын сіңлілеріңіздің шығармашылығына, аяқ-алыстарына қандай баға берер едіңіз? Бүгінгі поэзияны бір сөзбен қалай атайсыз?

— Жастарды «Z» ұрпақ, «альфа» ұрпақ деп айтып жатады ғой. Ғылым дәлелдегендей, олардың ойлау қабілеті, дүниені қабылдауы, сезімталдығы аса жоғары болып келеді. Олар — батыл, жаңашыл, жасампаз.

Қазіргі соңымыздан еріп келе жатқан ақын сіңлілерімнің шығармашылығына қызығып қараймын және өте жоғары бағалаймын. Олар — нағыз модерн поэзияның өкілі деп айтар едім. Сөз саптауларын былай қойғанда, дүниетанымдары, көзқарастары ерекше. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі өмірге келген буынның, оның ішінде қыздардың өлеңдерінен еркіндіктің лебі есіп тұрады. Әр шумағынан, әр әріпінен мінезі сезіліп тұратын ақын қыздарымыз бар. Олар үшін өте қуаныштымын.

  • Журналистикада да жемісті еңбек етіп келесіз. Үш балаңыз, өлең жүгін көтерген жүрегіңіз бен журналистиканы бірге алып жүру оңай емес қой. Күш жинайтын құпия хоббиіңіз немесе жақсы бір әдетіңіз бар ма?

Сіз дұрыс айтасыз. Отбасын, ошақ қасын, жұмысты, бала-шағаны алып жүріп, онымен қоса өлеңді аялап, әлпештеп ұстау кез келген адамның қолынан келе бермейтін дүние. Мен кейде өз-өзіме сыртымнан қарап қайран қаламын. Жалпы, әр қазақ әйелі осындай жүктерді құлатпай қатар алып жүргені үшін құрметке әбден лайық.

Оның үстіне, журналистика деген де оңай шағылатын жаңғақ, оңай атқарылатын жұмыс емес. Соған қарамастан, ең басты ұстанымым — салауатты өмір салтын ұстану. Таңертең ерте тұрудың да өз кереметі бар. Жұмыстарымды өнімді істеуге көмектесетін бір құпиям — сол.  Онымен қоса, спортпен шұғылданамын, йогамен айналысамын. Йога — жанымды да, тәнімді де шынықтырып, бір сәт өзіммен оңаша қалуға, тынығуға көмектеседі.

  • Жақында ғана оқып жақсы әсер алған кітабыңыз болса, оқырманмен бөлісе отырсаңыз…

— Жақында ғана Анатолий Некрасовтың «Материнская любовь» атты кітабын оқып болдым. Маған өте қатты ұнаған шығарма болды. Тіпті осы уақытқа дейін оқымағаныма өкіндім десем де болады. Автор ана мен баланың арасындағы қарым-қатынасты қарапайым тілмен суреттеп отырып-ақ, ғажап сезімге бөлейді. Өмірге өзгеше көзқараспен қарауға үйрететін, өтіп жатқан қиындықтардың себебіне терең бойлауға бағыттайтын кітап. Бұл туындыны тек әйелдерге ғана емес, ер азаматтарға да ұсынамын.

  • Өзіңіз жазған сүйікті бір өлең және оның жазылу тарихын айтып беріңізші.

Бұл өлең біз алғаш үйленген жылдары жазылды. Маған өте ыстық өлеңдердің бірі. Адамдар алғаш үйленген жылдары махаббаттың жалыны қандай күшті болса, қызғаныштың да оты лаулап тұрады емес пе? Әрі жолдасым ақын болды. Студент қыздар өлеңдерін жатқа айтып жүретін еді. Сол кезеңдерде қызғанышқа булыққаным сонша, жайсыз түстер көретін едім. Сондай бір түстен шошып оянып, ұйқыдан тұра сала бір демде қағазға төгіле салған өлеңім осы:

ТҮС

Ұйықтағым келмейді!
Түсімде ылғи түн перісі тергейді:
«Қасыңдағы көркем жігіт не керек?
Оны бізге бер», – дейді.

Сосын сені суырып ап қойнымнан,
Аймалайды, иіскейді мойныңнан.
Перілерден, айтшы, қалай құтылам,
Түсіме ылғи кіріп алып той қылған?!

Сөйлеу түгіл, қозғалуым қиын-ақ,
Ару пері бар айласын жиып ап…
Алдыңа кеп билейді шыр айнала,
Менің қызыл көйлегімді киіп ап.

Ұнайды екен саған мұндай серілік,
Мені ұмыттың, әлгілермен желігіп.
Перілердің бірі арқаңды уқалап,
Бірі жатыр төсегімде керіліп.

Менің әтір, бояуымды жағып ап,
Сені мәз ғып, таңға дейін қағынад(ы).
Сосын…
Сосын кетеді ұшып аспанға,
Арқасына қанаттарын тағып ап.

…Мейлі көктем келсін қайта, күз өтіп,
Ұйықтамаймын, әуреленбе түзетіп.
Өңімде алып кетпес үшін перілер,
Отырамын түні бойы күзетіп…

Бұл өлеңге өнерде жүрген ақын аға-әпкелерім оң бағасын берген еді. Тіпті Серік Ақсұңқарұлы деген ақын ағамыз үйімізге дейін іздеп келген. Ол кезде Қарағандыда лифтісі де жоқ үйдің бесінші қабатында тұрамыз. Сол кезде үлкен басымен, үлкен жасымен өлең құдіретіне бас иіп келген ағамызға сондай риза болғанмын. «Мен сенің қолыңды алуға келдім. Мына өлеңің сондай ғажап туынды!» деп бағасын берді. Әдебиеттанушылар бұл өлеңдегі мифологиялық, мифопоэтикалық сарын жайлы мақалалар жазып жатты. Осы бағытты зерттеп жүрген студенттер өлеңді дипломдық жұмыстарына арқау етті. Алғашқы жыр жинағым жарық көргенде Маралтай Райымбекұлы ағамыз басқа емес, дәл осы өлеңге әдемі талдау жасап, жақсы пікірін, бағасын берді. Жүректен шыққан осы туынды оқырманға да ұнайды.

  • Сұхбаттасқаныңызға көп рақмет, сізге шығармашылық табыстар тілейміз!

Сұхбаттасқан: Айым Алтайқызы

 

 

Exit mobile version