Басты бет Ақпарат Фариза Мұқағалиді жақсы көрді ме?

Фариза Мұқағалиді жақсы көрді ме?

Қазақ поэзиясы десе ойымызға Мұқағали мен Фаризаның есімдері  оралатыны жасырын емес. Өлеңге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын адамның өзі, осы екі ақынның кемі бір өлеңін жатқа біледі. Оларды өлеңге деген шексіз махаббаттан басқа не байланыстыруы мүмкін?  Бұл сұрақтың жауабын Фариза Оңғарсынованың естеліктерінен таптық: 

«…Ол кезде «Жазушы» баспасы Коммунистік проспектісінің бойында, Қазақстан Жазушылар одағы үйінің бірінші қабатында болатын. Менің кітабымды талқылау басталды.

Марқұм Шәміл Мұқамеджанов, Ғафу ағамыз келді. Бір кезде есікті айқара ашып, еңгезердей, қызыл шырайлы жігіт кіріп келді. Бұған дейін көрген емеспін, бірақ тани қойдым — Мұқағали Мақатаев. «Жұлдыз» журналында қызмет істейді деп Ақұштаптан естігем. «Қарлығашым, келдің бе?» кітабы арқылы сырттай жақсы көретінмін. Отырды. Жұрт сөйлеп жатыр. Сағи ағамыз:

— Фаризаның өлеңдері тым анайы, ой, сезімін тым ашық айтады, ал бұл шығыс әйеліне жат қылық. Мысалы:

«Адам деген бақыттан тұншығады, ә –

шырын сәтте бойында қан тасыған.

Біздер жаққа қарауға қымсына ма –

Ай жатыр шалқасынан»,

дейді. Яғни, Айдың қымсынуына қарағанда, лирикалық екі кейіпкер кісі қызығарлық іс істеп отырмаған болу керек, — деп, тағы көп-көп мысал келтірді. Бір кезде Мұқағали орнынан атып тұрып:

— Әй, Қадыр! Сағи! Мына қыз (бұрышта адамдардың арасына түскен тағы мысықтай бүрісіп отырған мені сұқ саусағымен шұқшия нұсқады) күні ертең сендерді ұрып кетеді (шамасы, «жер соқтырады» деп тұрғаны-ау деп ұқтым). Бетің құрсын, кәпір! — дегені! Сүйтті де: — Әуелі осы қыздай өлең жазып алыңдар! — деп есікті тарс жауып шығып кетті. Не жыларымды, не күлерімді білмей, бетің құрсын дегені несі деп аласапыран ойлармен мен отырмын. Ақұштап:

— Сен көңіліңе алма — оның жақсы көргені солай, «сүйген құлын шұнағым дейдінің» кері ғой, — деп сыбырлады.

Менің Мұқағали ақынмен алғашқы кездесуім еді бұл…

Адам баласы көзі тірісінде бір-бірін қадірлей алмаудан өмір бойы опық жесе де, қорытынды шығармайды. Бір-біріне деген енжарлықтың зардабы жанашырлық пен мейірімнің нәрін сорып азайтуға қалды. Бірақ жан дүниесі тар, көңіл кеңдігі жоқ деп ешкім жазғырылмайды.

Мұқағали ақынның айдалада жүріп жақын тұтқан, бауырына тартқан сезімі мен сенімін сезе тұрып, телефон соғып, не жай-күйін білуге іздеп барған емеспін. Ылғи кездейсоқ кездесіп қалудан тұратын таныстығымыз, бауырластығымыз мәңгілік үзілместей көргеніме өкінем.

Редакцияда отыр ем, телефон соғылды. Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы Әнуар Әлімжанов екен.

— «Балалар кітабының әлемдік апталығы» Бакуде өткізіледі. Соған сен барып қайтсаң, дұрыс болар еді, — деді.

Жолға дайындала бастадым. Билет алып, редакциядағы шаруаларды жігіттерге тапсырдым, ертеңіне жүруім керек еді. Редакция хат бөлімінің қызметкері Айнаш Шынықұлова бес-алты хат әкеліп берді.

— Сізге арнап жазылған хаттар, — деді.

Арасында біреуі тым қалыңдау екен. Балалардың, ата-аналардың әдеттегі хаттарына ұқсамайды, сыртына адресті қазақша жазыпты. Ол кезде конверттің сыртына қазақша жазуға болмайды, тек орыс тілінде жазылады. Соңғы жағында адрес көрсетілмеген — шиырып қол қойылыпты. Ашып қарасам, колмен жазылған өлең.

«Фариза, Фариза ақын, Фариза қыз!» — деп басталатын ағыл-тегіл шумақтар. «Бұны кім жазуы мүмкін?» — деген оймен бірінші парақты оқи сала, шыдамай алты бет өлең-хаттың соңына көз жүгірттім. Мұқағалидың өлең-хатын алып, алқымыма тығылған жұдырықтай кесекті жұта алмай, көзімнен шығардым. Сол түні Бакуге ұшуым керек еді. Үйге келіп, жолға жинақталып жатсам, кешкі сегіз жарымның шамасында біреу телефон соғады. Лашын жеңгей екен.

— Ағаң саған хат жазып жіберіп еді, соны алды ма, алмады ма деп қайта-қайта маған айтып, мазасызданып жатыр. Ауырыңқырап тұр ағаң, ауруханада… — деп, жеңешем сөзінің соңын жұтып, бәсең сөйледі.

Мен хатты бүгін ғана алғанымды, өзім Жазушылар одағының тапсырмасымен түнде жолға жүріп бара жатқанымды айттым.

— Көп сәлем айтыңыз, келген бойда өзім барамын, — деп хош айтыстым.

Адамның онсыз да қысқа ғұмыры тек өкініш пен қоштасудан тұратындай көрінеді кейде маған. Егер мен со жолы Мұқағали ақынның аласұрып, дүниеден бір жылылық көріп кетуді армандап жатқанын ұққан болсам, Баку сапарын ысырып тастап, жанына барып, маңдайына тигізген алақаным арқылы жанымның бар жылуын тұла бойына таратпас па едім.

Сол жолы бір өкінгенім әлі есімде болатын. Енді, міне, Мұқағалидың хатына, жеңгеміздің хабарына мән бермей, желкілдеп кете бардым.

Бакуде бір жұмадай болдым. Көп ұлтты совет әдебиетінің балаларға жазатын өкілдері, шет ел әдебиетшілері Каспий жағалауындағы қалаға жиылып, өлең оқып, бүлдіршін оқырмандармен жүздесіп, ырду-дырдумен уақыт өтіп жатты. Үйге, балаларға, амандық білуге хабарластым. Наурыздың 28-і күні ғой деймін.

Кеше Мұқағали ағай қайтыс болыпты, — деді үйдегілер. Мен аласұрдым да қалдым. Алматыға ұшуға билет жоқ. Сөйтіп, ұлы ақынның соңғы дидарын көре алмай, соңғы сапарына аттандырып сала алмай, сандалақтап Алматыға оралдым.

Мұқағали ақынның маған арнаған өлең-хаты халық арасында көп аңыздар туғызып, түрлі хикаяларға желі болып келеді. Мұнда менің ешқандай «еңбегім» жоқ — бұл — халықтың өзінің ұлы перзентіне деген махаббатынан туған аңыз-әңгімелер. Ал Мұқағали мен менің арамда болған сыйластық, қимастық, түсініктің бар емірбаяны — жоғарыдағы.

Мұқағали ақынмен арамыздағы шындық тарихы осы еді.» 

Фариза Оңғарсынова

Exit mobile version