ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Шалқар» радиосының журналисі Гүлмира Нәлібай 12 қараша күні Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада «Өнерім-өмірім, радиом-серігім» атты кітабының тұсауын кесті.
Бұл кітапқа «Шалқар» радиосынан Г. Нәлібай жүргізген «Алтын тамыр», «Дауысыңды сағындым», «Ән жұмбақ» хабарларының мәтіндік нұсқасы енгізілген.
⠀«Алтын тамыр» бағдарламасы — қазақ этнографиясын, ұлттың болмыс-бітімін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын насихаттауды көздейді. «Дауысыңды сағындым» — өмірден өтіп кеткен сан түрлі талант иелерінің өмірі мен өнері дәріптелетін бағдарлама. «Ән жұмбақ» — қазақ ән өнерінің мәртебесін көтеретін бірегей радиохабар.
Шарада ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Мұрат Құсайынов, “Шалқар” радиосының бас редакторы Болатбек Төлепберген және қазақ радиосының ардагері, белгілі диктор Аманжан Еңсебайұлы бастаған радио қызметкерлері сөз сөйледі.
Сонымен қатар, шығармалық кеште «Өнерім — өмірім, Радиом — серігім» атты фото көрме ұйымдастырылды. «Алқа» баспасынан дәл осындай атаумен Гүлмира Әділханқызының алғашқы кітабы жарық көріп, қалың оқырманға жол тартты.
Гүлмира Нәлібай тек радио саласында еңбек етіп қоймай, қазақ ән өнерінің мәртебесін биіктетуге де ат салысып жүр. Осыған орай, 5-қараша күні Республика сарайында «Халық әні — қазына» атты авторлық ән-жобасын өткізген болатын.