Басты бет Ақпарат Қанат Әбілқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам» шығармасына рецензия

Қанат Әбілқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам» шығармасына рецензия

Романды бастағанда басты кейіпкердің бір кеңістіктен екінші кеңістікке өте ұтымды өтетінін байқадым. Соңына дейін аты кім деп ойладым. Ал адам жаны саяси құралға айналған қоғамда аты аталмай, ұмытылып кеткені қаншама? Ағыраптың тұрғыны болып, Елдестей туған ағасын сатып, өзі жынданып кеткен кейіпкер біреуіміздің танысы, екіншіміздің көршісі. Тіпті автор «Елдес» деп атауында «ЕЛІН ОЙЛАҒАН» деген символ жасырған сияқты. Бірақ Елдес елін де, ағасын да ойламады. Өкінішке қарай, айықпас ауруға шалдықты.

Нұршықтағы оқиға. Бір жапырақ жерге үй салу үшін халықтың арбауға түсіп, кейін тіпті адам шығынына алып келуі – бәрі кеше ғана болып, бүгінде ұмытылып, ал жақындарына жазылмас жара салған оқиға. Қай кезде де, қарапайым халықтың қаны төгіліп, жаны таразыға өлшенеді. Қалтасы қарымы пара беріп, басын саудалап аман сақтап алады. Біздің қоғамда қашан жемқорлық жойылмақ?

Әния, сүйгені Әния, көргені Әния, сұр түрмеде жанына медеу болған Әния. Бокин көшесінде жаман болса түссе де, жамандыққа қимаған Әния. Әкесін аман алып қалу үшін теріс жолға түскен Әния. Ғашығытүрмеге түскенін білсе де, кешіре алмаған Әния. Соңында онкология ауруына шалдыққан Әния. Баласын балалар үйіне тапсырып, шетелдіктер асырап алғанын білген Әния. Әкесі байлардың үйін жуып ақша тапты деп ойлаған Әния. Өмірінің соңғы сағатына дейін ғашығын жек көріп өткен Әния. Ех, Әния! Сен әкеңді аман алып қалдың. Тіпті ол қайтадан үйленіп, екі бала сүйді. Ал сенің арың, жаның сатылып кетті. Қыз тағдыры ылғи «құтқарушы» ролінде неге бола береді екен?

Әке-шешесінің ажырасып кеткеніне, іздемегеніне, інісінің сатып кеткеніне ренжулі Ағыраптың адамы. Аты жоқ. Бірақ 14 жыл тар қапаста өмірдің бар азабын көріп шыққан жазықсыз жан. Полицей Кеңесовты өртемесе де, мойындамағаны үшін өртеніп кете жаздаған аты жоқ адам. Ол жерде халыққа шабуылдаған әскерилер де кінәлі емес. Бұл – бұйрық. Жерін қорғауға ұмтылған кәрі-жастың да кінәсі жоқ. Өйткені бұл олардың баспанасы. Соңғы үміті. Қалаға көшкелі пәтер жағалап, берекесі кеткен халықтың соңғы үміті еді. Полицей Кеңесовпен үміт те өртенді. Бірақ сол бір қан төгілген жер қазір тып-тыныш дым болмағандай. Кеше болғанды бүгін ұмыта салып, тіршілігін жасап жүретін халқым-ай.

Әке. Бұл жерде біз уәдеге тойдырған, жұрт мақтаса делебесі қозып, еріп кететін Кененді көреміз. Әйелін ылғи сөзге тойдырып, бүгінгі ішіп-жегенге мәз болатын бір күндік өмір сүретін отбасыны көреміз. Жоқшылықтан шаршаған, қажыған әйел. Жалдаған пәтерлердің іші-қонын жинап, үй иесіне жағынып өзін ұмытқан әйел. Бұл отбасыны біз әлі күнге дейін көреміз. Бәлкім, ол көршіміз, ағайын туысымыз, тіпті біз.

Пәтер жағалап жүрсе де, бақытты болған отбасы. Ағайынды бала. Балмұздақ жеген күнді мерекеге балайтын Елдес және ағасы. Бақыт деген болмашы нәрсе емес пе? Біз бақытты болуды ұмытып қалмадық па?

Пойыздағы Әлия. Әниямен кездесуге мүмкіндік жасаған медбике. Аты жоқ адамның түрмеден соң өмір сүруіне үміттендірген келіншек. Пойыздағы қасы боямақ апа ұнатпаған Әлия. Карта ойнағанда таңғалған, кәмпит ұрлап алғанға таңғалып, екі келі алмаға балаша мәз болған Әлия. Пойызда бәріміз өмірдегідей жолаушымыз. Кей сәт өмірлік жолаушы боламыз.

Қабыл ақсақалдың Нұршықтағы жаңа үйі. Аты жоқ адамның қойнына кіріп, мәз болған Елеусіз. Шешесімен қайта татуласуға себепкер ақсақал. Бірақ үйдің жанында кабелді қазып, үзіп, аты жоқ адам байланысын үзді. Бәлкім, Әниясының қайдан әрекет жасағанын білмегеніне ашуы келді ме? Әлде бұл байланыстың түк мәні қалмады ма екен?

«Әнші балапан» деп атағанда намыстанып, кейін «Бозторғай» әнін зарланып айтудың, сөзінің мәнін түсінген Ағыраптың тұрғыны. Інісі сатып кетіп, жынды болса да, шешесі іздеп, кейін басқа күйеуден бала тапса да, әкесі діни жолға түсіп, түрмеде жатса да, Ағыраптың аты жоқ адам еліне оралмаса ешкімге маңызды болмай қалды. Бірақ баласы оқырманға бір үміт отын жаға білді. Бірақ біз ешқашан үміт үзбедік қой.

Біз Ағыраптың тұрғынымыз. Атымыз сақталмауы, аталмауы, ешкімге естілмеуі мүмкін. Біз баспана деп шыбын жанымыз шырылдап жүрген халықпыз. Санамызды тұрмыс билеп, құндылығымыз жоғалып барады. Біз — Ағыраптамыз. Дәл ортасында…

Назым Сапар 

Exit mobile version