Басты бет Алқа Махаббат туралы хикая. “Ақзер” повестінен үзінді

Махаббат туралы хикая. “Ақзер” повестінен үзінді

Ақзер

(повесть)

Тәкаппарлық айғай салғанда, махаббат үнсіз қалады.

Ф.Жерфо

Адамды сүю де оңай. Сүймеу де оңай. Ең қиыны түсіну.

Автор

      Махаббат, сезім туралы шығармалар қай заманда болмасын әдебиеттің ажырамас бөлшегі, оқырманның сүйікті тақырыбы болып келе жатыр. Ол туралы ән тыңдап тебіренбеген, кино көріп күйзелмеген, ғашықтар хикаясын оқып ойға батпаған жан жоқ шығар?! Сондай шығармалармен сусындап өскен әр буын махаббатты машақаты көп, тек қиындықпен, ауыр азаппен ғана қол жеткізуге болатын «тылсым күш» деп түсінеді. Меніңше, бірбірі үшін құздан құлайтын қасіретті ғашықтарды емес, сапалы қарымқатынасты дәріптейтін кез келді.

Махаббат ұғымына тым «ұлы» анықтама беріп қойғанымыз сондай, оның қарапайым қағидаларын ұмытып кетеміз. Бәлкім, жұп болу жанкешті болып жапа шегу емес, сүйгеніңнің жанын түсіну шығар?! Шын ғашықтар деген қайғықасірет көп көргендер емес, бірінбірі қажет кезде қолдағандар шығар?! Махаббаттың ұлы мәні деп жүргеніміз жай ғана ұғысу болып шықса ше?! Бұл кітаптың кейіпкерлері бізге осыны түсіндіргісі келетін сыңайлы. Ол жағын өзіңізге қалдырдым, оқырман!

***

Алматының осы бір көшесінің бөлек аурасы, өзіне шақырып тұратын тылсым тартылысы бар. Бұл жер ешкімді қайыршы немесе қалталы, жас немесе кәрі, бақытты немесе бақытсыз деп бөлмейді. Бәрін де баласындай елжіреп жақсы көреді, еркелетеді. Әсіресе бауырын бойлай ағып жатқан «Весновка» жағасында жүрсең, бір жасап қаласың. Абай даңғылының тура осы тұсында тіршілік бір дамыл тауып көрген емес. Әдеттегідей, цирк пен театрдың арасында өмір қайнап жатыр. Ағылып жатқан көліктер. Құмырсқадай құжынаған халық. Күндіз сол маңайдағы кеңселерге кіріпшыққан жұмысбасты адамдардан көз ашпайсың. Олар ешқайда көз салмай, мұнартып тұрған тауға да тебіренбей, монтиып жатқан бұлтқа да бетін бұрмай, әйтеуір бір бағытқа асығып кетіп бара жатады. Ештеңеге қуанып, ештеңеге қайғырып көрмегендей бірқалыпты.

Біздің қоғамда адамдардың екі түрі бар. Бірі – жан қалауымен емес, өмір талабымен жүретін, шаршауды да, аяуды да білмейтін – іскерлер. Енді бірі – тар қалыпқа сыймайтын, өзін қу тірлікке қимайтын – шабыт адамдары. Жер шарында осы екі топтың теңгерімі бұзылмаса, әлі талай ғасыр үйлесімді ғұмыр кешеріміз анық. Ал кенет қара жұмыс, қиын еңбек адамдары көбейіп кетсе, жер бетінде сұлулық, шығармашылық идеялар өліп, тіршілік сұпсұрқай болып кетер еді. Ал сезім адамдарының үлес салмағы артып кетсе, жер бетінде жаппай бейберекетсіздік орнап кетер ме еді? Кім білсін?!

Өздеріне ғана мәлім бір мақсатқа бет алып, сол жолдан жаңылмай жүре беретін адамдарға кейде қызыға қарайсың. Дүниенің көп кереметін жасап тұрған да осындай адамдар. Олар бір іске кіріссе, соңына дейін жетпей тынбайды. Мына зәулім ғимараттар, әр тасының өрнегі бірбірімен қабыса қаланған жаяусоқпақтан бастап, ісқағаз, есепқисап сияқты салалардың бәрі осындай адамдардың арқасында өрге жылжып жатыр. Олардың есімі тарихта қалмайды. Мына сұр асфальтты төсеген жұмысшы, анау көше шамдарының лампасын орнатқан адам да, мына қара жердің астымен жер бауырлап зулаған метроның машинисті де ел есінде болмайды. Оларды ешкім танымайды, есімдері көше, үздік оқу орындарының атына айналмайды. Олар өмірден өтпей тұрып та ешкімге беймәлім ғұмырын кеше бермек. Ал өмірден өткен соң аруақтары халық болып ардақтауды сұрамайды да. Өз жақындары сағынышпен еске алса, соған да риза болып жата береді.

Бір қарағанда осындай жандардың өмірі бірсарынды болып көрінуі мүмкін. Олар соңғы шыққан әндерді жатқа білмейтін шығар. Саяси тақырыптарға қызықпайтын болар. Олар ешқашан киноның сценарийі үшін, кітаптағы кейіпкер тағдыры үшін уайымдап көрмеген шығар. Бірақ олар өз өміріндегі жауапкершіліктен ешқашан қашқан емес. Қайран, қарапайым еңбек адамдары! Қолынан келген іспен жан бағып, атақ пен даңқты, құрмет пен қошеметті көксемейқ өмір сүруді білетін олар неткен бақытты! Таңертең сол адамдар ерте тұрып, кеудесіндегі қу жанын жұмысқа жетелеп бармаса біздің халіміз қандай болар еді?

Ал күн ұясына қонғанда бұл араны мүлде танымай қаласың. Кеңсенің қызметкерлері кептеліс басталмай тұрып көліктеріне отырып ғайып болады. Қара жаяулар автобусқа адам толмай тұрып үйіне жетуге асығады. Сосын бұл маңайда өмірге қалай еркелеуді білетін топоп жастар, бірірін тани түсу үшін серуендеуге шыққан жас ғашықтар, өмірдің бейнетін артта қалдырып, қарттығын біріріне арнаған егде жұптар мен бейқам өмірден басқаны білмейтін балалар жүреді. Бәрінің жүзінде қуанышқа да, уайымға да ұқсамайтын толқыныс бар. Бұл өмірге сүйсіну, сәтке тәнті болудан туған ризашылыққа көбірек ұқсайды. Саналуан адамдардың шатадыман күйіне тау ғана биіктен қарап тұр. Күндіз қайнаған тіршіліктің ортасында жүріп қарағанда маңғаз, тәкаппар болып, «сен кімсің?» деген сауал тастап тұрғандай көрінген тау жоталары, кешкі серуен кезінде мүлде жібіп, жайсаңданып, мәрт мейірімге бөлеп, етегіне жармасқан Алматының адамдарына аялай қарайтындай.

Осы абырабыр адамдардың арасында бір жас жігіт жанағына елеңдей қарап тұр. Сағатына қараса кешкі алтыдан он алты минут кеткен екен. Он минуттан соң театрға кірмесе қойылымнан құр қалатын түрі бар. Күткен аруының келетін түрі жоқ. Бұлай ұзақ аялдайтынын білгенде жолдан гүл ала салуға үлгеретін еді. Бірақ жұмыстан асығыс шыққан жігіт, бір жағынан өзі шақырған жерге кешігіп келуді құп көрмей, екінші жағынан «іскерлік кездесу» деп шақырған қызға гүл ұсынуды кәсібилік санамай құр қол келе салған. Қолындағы пиджагын иығына салғырт іле салды да, марқа қойдың жүніндей бұйраланып өсетін шашын қайтаайта саусағымен тарай берді. Бір нәрсеге күйгелектене бастаса ылғи да осылай жасайды.

Орта бойлы, жирен көзді, бұйра шашты жас жігіттің есімі Айдархан. Өзі «Жас қауырсын» деген әдеби сайтта журналист. Біраз уақыттан бері Facebook желісіндегі бір ақын қыздың өлеңдеріне тәнті болып жүрген. Енді міне, орайын тауып сол сұлуды жас ақын ретінде сұхбат алуға шақырып отыр. Іскерлік кездесу деп салмақтап жүргені де сол еді. Жай әңгімелесіп қайтуды құп көрмей, жас аруға театрға келіңіз деп өтінген. Қуанышына орай, ол қыз қарсы емес екен.

Осы кезде дегбірі қашып, елеңдеп тұрған жігіттің жанына бір бойжеткен келіп тұра қалды. Шашы иығына жетер жетпес кесілген. Бұрын блонд түске бояп көрген болу керек, шашының әр жері батып бара жатқан күнмен шағылысып қояды. Үстіне өзіне өлшемі үлкен ақ жейде киіпті. «Оверсайз» деп жүргендері осы болса керек. Бұл киімнің оң жақ шетіндегі кішкене түймедақтың принті болмағанда ер адамның ақ жейдесінен айырмасы жоқ. Аяғына классикалық қара түстегі кюлот шалбар мен спорттық аяқ киім киіпті. Өзіне кең киімдер кигенімен рюкзагының бауын ұстап тұрған жіңішке саусақтар осы қапшықтай киімнің ар жағында нәзік дененің бар екенін байқатып үлгерді.

Сәлеметсіз бе!? Мені күтіп тұрсыз ба?

Айдархан қонағының сұрағынан селк ете қалды.

Сіз Ақзер Алтынбекқызысыз ғой, иә?

Иә, менмін. Сіз тағы біреуді күтіп тұрсыз ба? деді қыз абдырап тұрған жігітке бір, айналасына бір қарап.

Өзін қанша салмақты ұстаса да, бойжеткеннің қабағын керіп жанағына қарағаны, томсырайып тұратын еріндері, балаң жүзі оның әлі де балалық ауылынан алыс кетпегенін білдіріп тұрды.

«Ақын қыз» келеді дегенге Айдархан бұйра шашын жуып, әтірін сеуіп жұтынып шыққан. Қазір құлқайырдың сабағындай иіліп, назданабасып, керіле сөйлейтін, көйлек киген қызбен кездесуге құштар болып келген. Қарсы алдында айналадағы көп қыздан айырмашылығы жоқ, қазақтың ақары, бидай өңді, қысқа шашты қызы тұр. Тек мойнындағы қауырсын пішінде жасалған алқасы ғана оның әйтеуір бір өнерге жақын адам екенін білдіріп тұрған болмашы нышан секілді. Сөйлегенде дикциясы да салмақты, қатаңдау естіледі екен. Айдархан ішкі ойларын сыртқа білдірмей тез есін жиды да:

О не дегеніңіз. Сағат алтыдан бері сізді күтіп тұрмын, Ақзер ханым. Менің есімім Айдархан Жақыпбек. Танысқаныма қуаныштымын.

«Ханым» демесеңіз де болады. Қойылымның басталуына бес минут бар екен. Жылжиық, деді қыз, тағы да бойына шақ емес байсалдылықпен.

Айдархан жол бастап Ақзерді қойылым болатын залға алып келді. Халық қарасы көп екен. Көбі баяғыда орындарына жайғасып алған. Екеуі адамдардың алдынан кесеөлденең өтіп жүріп орындарын тапты. Бұлардың отырғанын күткендей зал қараңғыланып, салтанатты әуенмен сахна шымылдығы ашылды.

        Айдархан ұйқысынан оянғанда сағат он болыпты. Қазір тұрып, жуынып, тамақтанып кеңсеге барам дегенше түс болады деген сөз. Осыны білсе де ол төсектен тұрғысы келмеді. Екі кісілік керуетте бірге ұйықтап жүрген Жалғас деген досы күн шықпай тұрып жұмысқа кеткен. Бір бөлмелі пәтердің асүйі жағынан күйген майдың иісі келіп мұның танауын жыбырлатты. Жалғас жұмыртқа мен шұжық қуырып жеген болса керек. Демек, Айдарханға да таңғы ас дайын деген сөз. Әлі де аунап жата тұрғысы келіп еді. Асқазаны азан шақырып, аш екенін есіне салды. Ол ұзақ есінеп алды да, амалсыз керіле төсектен тұрды.

Бұл далаға шыққанда күн ысып кетіпті. Көшеде гүл егіп жүрген бағбан, қоқыс жәшігін тазалап жүрген жұмысшы, жаңа нысан салу үшін ескісін бұзып жатқан құрылысшылардың тіршілігі қызып жатыр. Күндіз осындай жұмысқа жанын берген адамдардың арасына түссе, өзін өмірден орнын таппаған әпенде сезініп кетеді. Түс болғанда жұмысқа барып, пернетақтаны тықылдатып, кеш болғанда сүлдесін сүйретіп үйге келетіні және сол үшін осы адамдардан көп жалақы алатыны есіне түскенде ұялып кетті. Ақыры жұмыстан кешіккен соң автобус аялдамасына асыққаннан пайда жоқ. Весновканың бойымен жиырма минут жүрсе кеңсеге де жетеді. Құлаққабына жағымды әуен қосып қойып, жұмысына жаяу тартты.

Кітаптың толық нұсқасын каспий дүкен арқылы тапсырыс беріп, оқи аласыз: https://kaspi.kz/shop/p/altai-yzy-aiym-a-zer-124525233/?c=750000000&ref=shared_link

 

Exit mobile version