Басты бет Ақпарат Баласы мектептен кеш қайтатын ата-аналар жұмыстан сұрана ала ма?

Баласы мектептен кеш қайтатын ата-аналар жұмыстан сұрана ала ма?

Уақыттың ауысуы мен күндізгі жарықтың қысқаруына байланысты қазақстандық оқушылар үйге қараңғыда оралуға мәжбүр. Бүгін Үкіметте  еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова осы мәселеге қатысты пікірін білдірді.

«Біз жұмыс берушімен еңбек қатынасы бар қызметкердің жеке жұмыс кестесін құра алатынын айттық. Ол сол кестені балаларды мектептен алып кету үшін өзгерте алады», — деді Светлана Жақыпова. Министрдің мәліметінше, бүгінгі күні ведомство бірыңғай уақыт белдеуі бойынша шешімді қайта қарау туралы бастамалар беруді жоспарламайды.

Еске салсақ, биыл 1 наурызда Қазақстан бірыңғай UTC +5 уақыт белдеуіне ресми түрде ауысты. Еліміздің бірнеше өңірінде уақыт бір сағатқа артқа жылжыды. Атап айтқанда, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында жергілікті уақыт бір сағатқа артқа қойылды. Бұған дейін 2 тамызда Астанада бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы петиция бойынша шешімнің жобасын қоғамдық талқылау өтетіні хабарланған еді.

Exit mobile version