Басты бет Ақпарат Сәні мен салтанаты жарасқан — «Салтанат» би ансамблі

Сәні мен салтанаты жарасқан — «Салтанат» би ансамблі

Алматы Theatre сахнасында ҚР «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің 69-шы жаңа маусымының ашылуы өтті.  Балетмейстер Талғат Ахметовтың «Самғау» би  қойылымымен ашылған кештің жаңа бағдарламасы «Азия аңыздары» деп аталды.

Кешке ҚР Халық әртісі Роза Рымбаева, қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Мирас пен Құралай, танымал тұлғалар мен зиялы қауым өкілдері, би саласының ардагерлері мен педагог репетиторлар жиналды. Роза Рымбаева концертке жоғары бағасын беріп, ұжымға шығармашылық табыс тіледі.

Сұлулық пен іңкәрліктің жаршысындай болған концертте балет артистері мың бұрала билеп, тілсіз өнердің құдіреттілігін өнерсүйер қауымға көрсетті.  Көрермендер “Жастық жалын”, Тәжік биі “Идона”, Ұйғыр биі “Долан”, Корей биі “Кальчум”, “Қыз қуу” және тағы да басқа көптеген ерекше би қойылымдарын тамашалап, ерекше әсерге бөленді. Концертте ҚР «Мәдениет саласының үздігі» Рахат Сәрсенов, Халықаралық және республикалық   конкурстардың лауреаттары Бақыт Мырзабекова, Аяулым Жұмахан, Айсәуле Қайырғазина өнер көрсетті.

“Жаңа маусымда «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі көрермендерін талай тың дүниемен қуантты.  Ұлттық би өнеріміздің алтын қазығы саналатын, сол асыл мұрамызды насихаттау жолында аянбай тер төгіп келе жатқан ұжымның көрерменге ұсынатын сыйы көп. Қазақтың кәсіби би мектебін Шара Жиенқұлова секілді мың жылда бір туатын тұлғалар шоғыры қалыптастырғанымен ұлттың өнеріміздің тарихы ықылым заманнан басталады. Оған біз де, парақтасаң сыры таусылмайтын көне тарих та куә. Сол саф өнердің тұнығын лайламай, жаңа заманға жеткізе білген «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі осынау ұлы өнердің өрісін кеңейтіп, елдің тұтастығы мен бірлігін, татулығы мен тыныштығының үлгісін көрсетіп келеді. Бұл ұжымның қоржынында тек қазақ халқының емес, әлем халықтарының тарихы мен болмысынан сыр шертетін сандаған қойылымдар бар. Шынайы өнер ұлт пен ұлысқа бөлінбейді, керісінше қаншама халықтың ортақ қазынасын паш етіп, адамзатқа ортақ ой тастайды. Концертіміздің жоғары деңгейде өтуіне қолдау білдірген Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне алғыс білдіреміз!” — деді ансамбль директоры Елубай Кенжалиев.

Кеш соңында Болат Аюханов атындағы Мемлекеттік академиялық би театры атынан ықылас гүлі табысталды.

Айта кетейік, талай дарын түлеп ұшқан ұжым келер жылы 70 жылдық мерейтойын атап өтеді. Алдыңғы буын өкілдері осы шаңырақтың алтын діңгегін қалыптастырса, кейінгі толқын жас ұрпақ сол діңгекті құлатпай, би өнерін жаңаша көзқараспен дамытуды көздейді.  Сондықтан, жаңа маусымын «Азия аңыздары» бағдарламасымен бастаған ұжымның тарту-таралғысы таусылмақ емес.

Exit mobile version