Басты бет Ақпарат Бердібек Соқпақбаевтың мерейтойы туған жерінде тойланды

Бердібек Соқпақбаевтың мерейтойы туған жерінде тойланды

Биыл қазақ балалар әдебеитінің шоқтығы биік өкілі — Бердібек Соқбақбаевтың өмірге келгеніне 100 жыл толды. Мерейтойды ЮНЕСКО-ның (Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы) есте қаларлық даталар күнтізбесіне енгізген. 

Осыған орай, қаламгердің дүниеге келіп, балалақы шағы өткен жерінде түрлі іс-шаралар өткізіліп жатыр. Алматы облысының Нарынқол ауылында жазушының ескерткіші ашылды. Ашылу рәсіміне президенттің атынан Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысып, мемлекет басшының құттықтауын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзінде Бердібек Соқпақбаевтың балалар әдебиетінің дамуына қосқан ешкімге ұқсамайтын ерен еңбегі айтылған. Оның «Балалық шаққа саяхат», «Менің атым Қожа», «Жекпе-жек» сияқты құнды шығармалары отандық әдебиеттің асыл мұрасына енді.

«Бердібек Соқпақбаев қазақ әдебиетінде ешкімге ұқсамайтын қайталанбас қолтаңбасын қалдырды. Ардақты азаматтың есімін ұлықтап, еңбегін ел жадында жаңғырту – бәрімізге ортақ парыз. Осы орайда, жазушының 100 жылдығы ЮНЕСКО-ның атаулы күндері тізбесіне енгізілуі және туған жерінде сәулетті ескерткішінің бой көтеруі – әйгілі сөз зергеріне деген қадір-құрметтің белгісі. Қаламгердің өзіне ғана емес, оның кейіпкеріне ескерткіш орнату – өте сирек кездесетін оқиға. Астана төрінде тұрған Қожаның мүсіні Соқпақбаев шығармашылығының ұлт руханиятында ерекше орын алатынын көрсетеді», – делінген Президенттің құттықтауында.

Жазушының жүзжылдығы тойланатыны айтылған күннен бастап оның еңбегін дәріптеу жұмыстары жүргізілуде. Соқпақбаевтың жүзжылдығына арналған әдеби-музыкалық кештер өтті. Мерекеге орай облыста айтыс, бәйге жарыстары ұйымдастырылды. Эстрадада жұлдыздары да атаулы датаға өз үлесін қосты.

Нарынқолдағы шара театрландырылған қойылыммен ашылды. Ол «Бердібек әлеміне саяхат» деп аталды. Қойылымның режиссері Сержан Молдасан. Оған Бауыржан Қаптағаев, Ерлан Біләл, Еркебұлан Дайыров сынды танымал актерлар өз үлесін қосты. Жазушының рөлін Ербақ Құрманжанұлы ойнады. Ол Соқпақбаевтың рөлін жоғары деңгейде орындап, көрермендердің зор ықыласына бөленді.

Кездесу барысында Бердібек Соқпақбаевтың 4 томнан тұратын жинағының тұсаукесері өтті. Жиында жазушының қызы Самал Соқпақбаева сөз сөйлеп, әкесінің әдебиетке қосқан үлесін атап, көпшілікке ризашылығын білдірді.

Жазушының мерейтойына арналған шаралар легі мұнымен таусылмады. Б.Мұқай атындағы аудандық мәдениет үйінде «Болмысы Бөлек Бердібек» атты салтанатты жиынмен жалғасты. Шақырылған қонақтар жазушының өмірбаяны мен еңбегіне арналған көрмемен танысты.

Қазақтың көрнекті жазушысының 100 жылдығын тойлау еліміздің түкпір-түкпірінде жыл бойы өткізіледі. Оның шығармалары жылдар бойы балаларды шабыттандырып, бүгінгі күнге дейін өзекті болып қала береді. Ал мұндай оқиғалар оның қазақ әдебиетіне қосқан өлшеусіз үлесі үшін алғыстың белгісіне айналды.

Exit mobile version