Басты бет Алқа Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» кітабындағы құнды ойлар

Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» кітабындағы құнды ойлар

Тіл – адам жанының тілмашы. Тілсіз жүрек түбіндегі бағасыз сезімдер, жан түкпіріндегі асыл ойлар жарық көрмей, қор болып қалар еді. Адам тіл арқасында ғана жан сырын сыртқа шығарып, басқалардың жан сырын ұға алады. Ойлаған ойын сыртқа шығарып, басқаға ұқтыра алса, адамның не арманы бар. Жазушы, ақын деген сөз – ойлаған ойын әдемілеп жарыққа шығара алатын адам деген сөз. Тілі кем болса, адамның қор болғаны. Ойың толып тұрып, айтуға тілің жетпесе, іш қазандай қайнайды да. Қысқасы, адамның толық мағынасымен адам аталуы тіл арқасында.

Тіл әрбір адамға осындай қымбат болса, әрине, ұлт үшін де қымбат. Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт дүниеде ұлт болып жасай алмақ емес. Ондай ұлт құрымақ. Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болу. Ұлттың тілі кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмасқа тиісті. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай көрініп тұрады. Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сар далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі – бәрі көрініп тұр. Казақтың сар даласы кең, тілі де бай. Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, орамды, терең тіл жоқ. Түрік тілімен сөйлеймін деген түрік балалары күндерде бір күн айналып қазақ тіліне келмекші. Қазақ тілін қолданбақшы. Осы күнде-ақ айналып келе жатыр. Татардың әдебиет тілі жыл-жыл сайын қазақ тіліне жақындап келеді. Күндерде бір күн түрік балаларының тілі біріксе, ол біріккен тілдің негізі қазақ тілі болса, сөз жоқ, түрік елінің келешек тарихында қазақ ұлты төрден орын алмақшы. Келешектің осылай болуына біздің иманымыз берік.

Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен тілім,
Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім.
Таралған түрік балаларын бауырыңа
Ақ қолыңмең тарта аларсың сен, тілім.

Баланың тілі.

Бала а дегенде іңгәлауды ғана біледі, яғни мағынасыз бір дыбыс. Іңгәлау – баланың жанында болған жағымсыз әсерленулерді дыбыспен жарыққа, сыртқа шығарғаны. Екінші айдың аяғыңда, үшінші айда бала дауысты дыбыстарға бірте-бірте дауыссыз дыбыстар да қоса бастайды. Ең алғаш ерінмен айтылатын дауыссыз дыбыстарды қосады. Сол кезде баланың жанында суреттеулердің, һәм ұғымдардың ұшқындары да бола бастайды. Яғни, маңайындағы заттарға қарап, олардан әсер алып, әсіресе олардың күшті бір сынынан күшті әсер алады да, сол затқа сол баланың қарауыңда күшті сыны бойынша ат қояды. Яғни сөз жасайды. Мысалы, сиырды «мө» дейді, мысықты «мияу» дейді. Екінші түрлі айтқанда, бала затқа атты сол заттан шыққан дыбысқа еліктеп қояды. Бір жылдың аяғында бала көп сөздерге түсінетін болады. Бірақ өздері айта алмайды. Бір жасар баланың білетін сөздері 10-15-тен артпайды.

Ал енді бала жаңа жүре бастаған кезде (2-нші жаста) оның сөз үйренуі біраз тоқтап қалады. Жүріп үйреніп алған соң, тағы сөзге кіріседі. Бір жарым жас кезінде бала бірталай сөз айта алатын болады. Бірақ түгел айта алмайды. Сөздің не басын, не аяғын ғана айтады. Мысалы, баланың ішем дегені де – «іш», ішеді дегені де – «іш», іш дегені де – «іш». Ал енді бала айта алмайтын дыбыстың орнына екінші дыбыс қолданады. Мысалы, «р» орнына «и» жүргізеді. Кейбір адамдардың баланың өз тілінше сөйлеп, балаға тез ұқтырам деп, яки баланы еркелетіп әдейі тілдерін бұзып, балаша шолжыңдап сақау болып сөйлейтіндері бар. Бұл – зор қате. Бұлай сөйлеу баланы түземейді, бұзады. Баланы адастырып, оның сөзді дұрыс сөйлеп үйренуіне бөгет болады. Бала сөзін дұрыс сөйлеген үлкен кісінің сөзіне қарап дұрыстайды ғой. Бала бастап заттардың атын (зат есімдерді), онан соң заттардың ісін (етістіктерді), онан соң заттардың сынын (сын есімдерді) айтып үйренеді.

Екінші жылдың аяғында бала қысқа сөйлемдерді айта алады. 3–4-інші жылда бала жап-жақсы сөйлейтін болады.

Бала тілінің дұрыс өркендеуінің бірінші шарты балаға сөзді бұзып сөйлемеу керек. Және балаға ұқпайтын жат сөз үйретпеу керек. Екінші – баланы өзі теңді балалармен бірге ойнату керек. Баланы ешбір уақыт сөзден тыймау керек. Былдырласын, шолжыңдасын – сөйлей берсін. Ал енді баланың тілін шын дұрыс жолға салатын, дұрыстайтын, байытатын – мектеп.

Exit mobile version