Қазан айының 23-жұлдызында Жамбыл атындағы қалалық кітапханада Алматының жастары бас қосты. «Әдебиеттің ақ көгершіні» деп аталатын бұл кеште Айым Алтайқызының кітабының тұсауы кесіліп, өлеңдері оқылды. «Алқа» баспасының қолдауымен шыққан қаламгердің тұңғыш туындысы — «Ақзер. Ең болмаса кітапта…» деп аталады.
Кітаптың тұсауын жазушы, ҚР Мәдениет қайраткері Ділдар Мамырбаева кессе, әдебиеттанушы Айнұр Төлеу шығармаға алғаш болып пікір білдірді.
Бұл кітап «Алқа» баспасының ұйымдасытырған байқауынан топ жарып, «Жаңа автор» номинациясын жеңіп алған болатын. Байқау мақсаты — білімді, жасампаз, қазақ әйелінің бүгінгі бейнесін ашатын, тың тақырыпты қозғай алатын авторларды анықтап, кітаптарын басып шығаруға грант бөлу, осылайша қазақ әдебиетінің қоржынын замануи шығармалармен байыту болатын. Кешті салтанатты түрде «Алқа» баспасының негізін қалаушылар Бану Дәулетбаева мен Баян Хасанова ашып берді.
Ақзер — қыздың есімі. Ол өз заманының озық ойлы қыздарының бірі, қатарының алды. Алайда, оның арманына жету жолында кездесетін кедергі де жоқ емес. Шығарма «Адамды сүю де оңай. Сүймеу де оңай. Ең қиыны — түсіну» деген жолдардан басталады. Автор «махаббат» туралы қате түсініктерден арылып, сүюдің алғышарты — «құрбан болу» емес, «қолдау» екенін оқырманға түсіндіргісі келетін тәрізді. Повестте Алматы жастарының бүгінгі тіршілігі, қалаулары, қоғам көрінісі бейнеленген.
Кеш барасында «Жақсы көретін жанға хат» атты романтикалық бұрышта хаттар жазылып, жанды дауыста ән шырқалды. Кітап редакторы — Рахия Шалқарқызы ұйымдастырып, Ақгүлім Ерболқызы жүргізген шараға жастар көп жиналды. Көгершіндермен көмкерілген әдеби кештің әсері ерекше болғаны оқырмандардың ыстық ықыласынан байқалды.