Қазақстандық инновациялық компания Kaspi.kz Hepsiburada жетекші түрік маркетплейсін сатып алғанын жариялады. Қазақстандық компания түрік компаниясының негізін қалаушы және бақылаушы акционері Ханзаде Доғанмен, сондай-ақ Вуслат Доған Сабанджи, Бегюм Доған Фаралиали, Арзухан Доған Ялчындаг және Ишил Доғанмен Hepsiburada акцияларының шамамен 65% сатып алу туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Hepsiburada-ның негізін 2000 жылы Ханзаде Доған қалаған. Бұл компания — Түркиядағы электронды коммерцияның жетекші платформаларының бірі. Компания клиенттерге қызмет көрсету, технологиялар, логистика және әртүрлі санаттағы тауарлардың кең ассортиментіне басымдық бере отырып, дамыды. 2023 жылы Hepsiburada қызметтерін 12 миллионнан астам сатып алушы және 101 мың серіктес-дүкен пайдаланды. Компания платформасы арқылы сатылған тауарлардың жалпы құны $4 млрд. құрады.
Михаил Ломтадзе, Kaspi.kz басшысы және негізін қалаушылардың бірі:
«Біз Түркияның электронды коммерциядағы жетекші компанияларының бірі Hepsiburada-мен күш біріктіру мүмкіндігіне өте қуаныштымыз. Біздің мақсатты нарықты 100 миллион адамға дейін үлғайту — Kaspi.kz үшін маңызды стратегиялық басымдылық.
Hepsiburada-ның мәдениеті бізге өте ұқсас: бұл инновацияларға бейілділік, тұтынушылар мен серіктестерге жоғары сапалы қызмет көрсету және ұзақ мерзімді тұрақты өсімге ұмтылу. Kaspi.kz сияқты, компания да электронды коммерция саласындағы ұлттық көшбасшы және негізін визионер қалаған. Екі компанияның да көзқарасы бір — сүйікті клиенттері мен серіктестерінің өмірін жақсарту.
Мәміле аяқталғаннан кейін екі компания да өз брендтері мен операциялық құрылымдарын сақтап қалады. Біз Kaspi.kz пен Hepsiburada-дағы білім мен технологияларды біріктіріп пайдалана отырып, Қазақстан мен Түркиядағы электрондық коммерция мен цифрлық қызметтерді ілгерілете береміз. Қазақстандық және түрік кәсіпкерлері екі ел арасындағы жаңа мүмкіндіктерден пайда алатынына сенімдімін».
Ханзаде Доған, Hepsiburada компаниясының негізін қалаушы және директорлар кеңесінің төрағасы:
«Бүгінгі күн мен 24 жыл бұрын негізін қалаған Hepsiburada Group үшін маңызды кезеңді білдіреді. Түркияның цифрлануы мен электронды коммерциясының бастаушысы ретінде Hepsiburada Қазақстанның нарықтық капиталдануы ең ірі компаниясы Kaspi.kz-пен бірге жаңа сапарға шыққалы тұр. Мен Hepsiburada-ның жетістіктері, 10 мың қызметкері, 101 000 серіктес дүкені мен 12 миллион клиентінің әрбірін мақтан тұтамын.
Hepsiburada қалыптастырған құндылықтарға сенген барлық адамдарға шын жүректен алғыс айтамын. Біздің тарихымыздағы жаңа тарауға аяқ баса отырып, мен Hepsiburada мен Kaspi.kz-тің болашақтағы бірлескен жұмысына үлкен табыс тілеймін».
Мәміле құны шамамен $1 127 миллионды құрайды. Мәміле Түркияның реттеуші органдарынан қажетті рұқсатты алу мен қажетті заңды рәсімдерді орындағаннан кейін, 2025 жылдың бірінші тоқсанында аяқталады деп күтілуде.