Басты бет Ақпарат «Французша сөйлеп тұрсың ба?» Мемлекеттік тілді кемсіткен бас бапкер айыппұл төлейтін болды

«Французша сөйлеп тұрсың ба?» Мемлекеттік тілді кемсіткен бас бапкер айыппұл төлейтін болды

Қазақстан футбол федерациясы қазақ тілінде сұрақ қойған журналиске «французша сөйлеп тұрсың ба?» деген сөзі үшін ұлттық құрама бапкері, ресейлік маман Станислав Черчесовке айыппұл салды. Бұл туралы ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов айтты.

«Қателіктер бар, кеше ғана журналистермен сөйлескен едік. Черчесовтың қалжыңы – шектен шығу. Өзімен жеке сөйлесіп, мемлекеттік тілдің маңызын түсіндірдім. Оған айыппұл салынды», – деді Барменқұлов «Қазақстан халық партиясы» фракциясының жиынында.

ТАСС агенттігінің ақпаратынша, Қазақстан футбол федерациясы Черчесовке 738 400 теңге (200 АЕК) айыппұл салған.

Бұған дейін туризм және спорт министрлігі Қазақстан футбол федерациясынан бас бапкердің әрекетіне байланысты түсініктеме беруді, Станислав Черчесовке мемлекеттік тілге құрмет танытуы керегін түсіндіруді талап еткен. Спорт министрлігі мұндай жағдай қайталанбас үшін федерация тиісті шара қолдануы керек деді. 

Черчесов Алматыда Словения құрамасымен ойыннан кейін өткен баспасөз мәслихатында қазақ тілінде сұрақ қойған журналиске «французша сөйлеп тұрсың ба?» деп жауап қатқан. Желі қолданушылары осыдан соң ресейлік бапкер Черчесовты «мемлекеттік тілді мұқатып, кемсітті» деп сынға алды.

Футбол федерациясы ресми мәлімдемесінде

«Бас бапкер Франция клубының формасын киіп келген журналиске әзілдеп жауап қайтарды, Черчесов қазақ тілі мен мәдениетін құрметтейді, сонымен қатар қазақ тілін белсенді түрде үйреніп жүр» —

деген жазба қалдырды. Қоғам сынынан соң бас бапкер тез арада қазақша үйренуді бастаған.

 

Exit mobile version